Португалияда өткен турнирде қазақстандық регбиші қыздар жүлделі орынға ие болды

Португалияда өткен турнирде қазақстандық регбиші қыздар жүлделі орынға ие болды
Сурет: 24.kz

Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы Португалияда өткен ALGARVE SEVENS турнирінің күміс жүлдегері атанды.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, турнирге Португалияның командаларынан бөлек Франция, Англия, Испания, Гонконг құрамалары және Еуропаның басқа да елдері қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

12 ұжым жиналған турнирде Анна Яковлева жаттықтыратын Қазақстан қыздары үздіктер тобында өнер көрсетті. Өз тобында алдымен дәл осы турнирдің 2019 жылғы жеңімпазын оңай жеңген жерлестеріміз одан кейінгі ойындарды да сәтті өткізіп, еш қиындықсыз финалға шықты. Алайда чемпиондық кездесуде Франция аруларынан жеңіліп, күмісті қанағат қылды. Есеп – 14:17.

"Күзде бізді Азия чемпионаты күтіп тұр. Жылдың ең маңызды турнирі сол. Қазірден бастап дайындықты жан-жақты пысықтап жатырмыз. Өкінішке қарай, осы турнирде сары құрлықтағы басты бәсекелесіміз Гонконгпен кездесе алмадық. Олар басқа топта болды",- дейді регби 7 әйелдер құрамасының бас бапкері Анна Яковлева.