Блиц шахматтан жарыс басталды

Блиц шахматтан жарыс басталды
Сурет: Самат Серікбайұлы

Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін блиц шахматтан жарыс басталды. Кеше жылдам шахмат жарысы аяқталған болатын.

Үш күнге созылған жылдам шахматтың нәтижесі бойынша жеңімпаздар кеше анықталған. Рапидтен ерлер арасында жарыс фавориті норвегиялық Магнус Карлсен жеңіске жетіп, төртінші рет чемпион болды. Ол бұған дейін 2014, 2015, 2019 жылдары жылдам шахматтан әлем чемпионы атанған.

«Мені тоқтататын адам шыққан кезде ғана мен мансабымды аяқтаймын. Жалпы турнир деңгейі өте жоғары. Жеңіске жету оңай болған жоқ», – деп өз жеңісінен кейін Магнус Карлсен пікір білдірді.

Айтылған жарыс түрінен 2-орын 18 жастағы неміс гроссмейстері Винсент Кеймерге бұйырды. Ал 3-орынға америкалық шахматшы Фабиано Каруана жайғасты.

Ал әйелдер арасындағы жылдам шахматта отандасымыз Динара Сәдуақасова шебер өнер көрсетіп, әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. ҚР Шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетованың айтуынша, бұл - еліміз үшін өте жақсы нәтиже.

- Бәріміз қуаныштымыз. Себебі Қазақстан намысын қорғаған Динара Сәдуақасова жарыста екінші орын алды. Бұл - мемлекетіміз үшін үлкен жетістік. Динара бірінші ойын күні төрт рет тең нәтиже көрсетті. Бірақ одан кейінгі ойындарда бірқатар жеңістерге жетіп, нәтижесінде қытайлық Тан Чжунъимен ұпайы тең түсті. Жарыс ережесі бойынша ондай кезде шахматшылар тай-брейк ойнайды. Өкінішке орай, қытайлық қыз басым түсті. Дегенмен, бұл Динара үшін жақсы нәтиже, ол бұған дейін мұндай жүлделі орынға ие болмаған еді. Сондай-ақ, рапид жарысын Жансая Әбдімәлік 5-орында аяқтады, – деді Г.Дәулетова.

ҚР Шахмат федерациясының атқарушы директоры бүгін басталған блиц шахматта да отандық спортшылардан жүлделі орындар күтетін жасырған жоқ.

- Рапид жарысында қазақстандық ер шахматшылардан Қазыбек Нөгербек ең жоғары нәтижені көрсетті. Ол жарысты 38-орында аяқтады. 18 жастағы шахматшымыз өте жақсы ойнады. Жақында ғана ол 18 жасқа дейінгі жас санатында әлем чемпионы атанған. Осы жолы ересек арасындағы жарыс екеніне қарамай, өзін жақсы көрсете білді. Ал бүгінгі басталған блиц туралы айтсақ, әрине, шахматшыларымыздан жеңіс күтеміз. Біздің қыздар блицті өте жақсы ойнайды. Ал ерлер арасындағы блицтан қараша айында Ринат Жұмабаев Азия чемпионы болды. Сондықтан үмітіміз үлкен, – деп атап өтті Гүлмира Дәулетова.
Бүгін блиц шахматтың ашылуына алғашқы символдық қадамды жасаған Кеңес Рақышев Алматыда өтіп жатқан турнирдің пайдасы көп екенін айтады.

- Мен үшін блицтен жарыстың ашылуында болу үлкен мәртебе. Өткен жылы мен Шахмат федерациясының Қамқоршылық кеңесіне шақырту алдым. Ал биыл Алматы қаласының Қамқоршылық кеңесіне шақырылдым. Мен шын жүректен біздің федерацияға көмектесуге дайынмын. Қазақстанда шахматтың мықты мектебі қалыптасқан, біз оны әрі қарай дамытқымыз келеді. Менің алты жастағы қызым да шахмат ойнайды, ол қазіргі күні шахматтан Алматы қаласының чемпионы, – деді К.Рақышев.

Жарыстың екі туры өткен соң, шахматтан Қазақстан құрамасының мүшесі – 22 жастағы Әлішер Сүлейменовпен тілдесудің сәті түсті. Ол блиц шахматтың алғашқы ойындарынан алған әсерімен бөлісті.

- Алғашқы ойындар мен үшін сәтсіз болды. Бірақ әрі қарай жақсы өнер көрсетуге талпынамын. Кеше аяқталған рапид жарысы мен үшін жақсы өтті. Жалпы үздік жүздіктің ішіне кіріп, 92-орында аяқтадым. Бұл жарыс мен үшін алғашқы блиц және рапид бойынша әлем чемпионаты. Мұнда отандық жанкүйерлердің қолдауы сезіледі, – деді ол.

Алғашқы ойындар өткен кезде БАҚ өкілдеріне арналған алаңда көгілдір экранға телміріп, өз шәкірті үшін тақымын қысып отырған польшалық жаттықтырушы Камил Митоньды көзіміз шалды. Шетелдік маманнан еліміздегі жарыстан қандай әсер алғанын сұрадық.

- Мен бірінші рет Қазақстанға келіп отырмын. Алматының көрікті жерлерін аралауға әлі уақытымыз болған жоқ. Күнделікті жарыс өтіп жатыр. Бірақ жергілікті адамдар ұнады, бәрі қонақжай, жылы лебіз танытады. Ұйымдастыру деңгейі де өте жақсы. Жарыс туралы айтсақ, қазақстандық қыздар өте жақсы өнер көрсетуде. Сондай-ақ, 8-10 жастағы кішкентай қыздар қатысып жатқанын байқадым. Бұл олар үшін өте үлкен тәжірибе. Мен Ян Кшиштоф Дуданың жаттықтырушысымын. Осы турнирге аса мұқияттылықпен дайындалдық. Тек моральдық тұрғыда емес, физикалық жаттығулар да жасадық. Себебі мұндай жарыстар адамды шаршатады, – деді Польшадан келген маман.