Софья Берульцева мен Нұрқанат Әжіқанов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Софья Берульцева мен Нұрқанат Әжіқанов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Cурет: Olympic.kz

Ертең ерлер командасы қола жүлдеге таласады

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында каратэдан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстандық төрт спортшы жүлдеге таласып, екеуі жүлдегер атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева 68 келіге дейінгі салмақта әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Берульцева сербиялық Ивана Перовичтен басым түсті.

75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұрқанат Әжіқанов қола медаль үшін өткен жекпе-жекте бельгиялық қарсыласын жеңіп, әлем үздіктерінің қатарына енді. Бұл 20 жастағы спортшының ересектер арасындағы ең үлкен жетістігі. 

Өкінішке қарай, 50 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Мөлдір Жаңбырбай украиналық спортшыдан, 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Қайсар Алпысбай морокколық қарсыласынан жеңіліп, төртінші орын алды. 

Ертең Қазақстан ерлер командасы қола жүлдеге таласады.