Азияны айқайлатқан «Айқай»

Азияны айқайлатқан «Айқай»
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Қазақстандық режиссер Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» толықметражды көркем фильмі Францияның Везуль қаласында өткен 30-шы Халықаралық Азия фильмдері кинофестивалінде Халықаралық Қазылар алқасы тағайындаған Гран-приді жеңіп алды.  

Оған қоса, картина Орта Азия киносыншыларының «НЕТПАК» жүлдесін және Марк Хаас атындағы арнайы сыйлықты да иеленген, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Сондай-ақ, фильмде басты рөлдерді сомдаған Орынбек Шаймағамбетов пен Арнұр Акрамға қазылар алқасының арнайы дипломы бар.

Осылайша төрт бірдей жүлдеге ие болған «Айқай» төрешілерді тәнті қылған таңдаулы фильмдердің бірі ретінде Везуль кинофестивалінің тарихында қалды. 

Айта кетерлігі, бұған дейін Оңтүстік Кореяда 4-13 қазан аралығында өткен әйгілі Пусан кинофестивалінде аталған қазақстандық картина А Window on Asian Cinema бағдарламасында көрсетіліп, тұсауы кесілген болатын. 

Сонымен қатар, «Айқай» қараша айында Бішкек Халықаралық кинофестиваліне қатысып, фильмнің режиссері Кенжебек Шайқақов Қазылар алқасы ұсынған «Үздік сценарий» номинациясы бойынша арнайы жүлдені иеленді.

Естеріңізге сала кетсек, Кинокартина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірілген.

Фильмде күллі қазақтың қасіреті болған «Семей полигоны» құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, қос аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді.

Жарынан айырылған жалғызбасты ер адам мен жарымжан әкесіне жанашыр, қамқор бола білген баланың күйбең тіршілігі арқылы режиссер 1980-90 жылдардағы халықтың жағдайын көрсетеді.

Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы, Аягөз ауданы, Шыңғожа ауылында өткен.

Атап өтерлігі, картинада басты рөлдегі Меліс атты кейіпкерді кәсіби актер емес, расында екі аяғынан айырылған қызылордалық азамат – Орынбек Шаймағанбетов сомдайды.

Ал Мелстің мектеп қабырғасында оқитын ұлы – Жалғастың рөлін Алматы облысы Қарасай батыр атындағы мектептің 7 сынып оқушысы Арнұр Акрам ойнайды.

Сондай-ақ, қосалқы рөлдерде белгілі актерлар Ерболат Әлқожаев, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов, Айғаным Нұрсұлтан бой көрсетеді.

Фильмнің түсірілім кезеңі 2022 жылдың қазан айында аяқталып, 2023 жылдың наурыз айында монтаж кезеңі басталды. 

Маусым айының соңына дейін созылған монтаж кезеңінде фильмнің түсі өңделіп, қайта дыбыс жазу, компьютерлік графика, дыбыс әрлеу жұмыстары жүргізілген. 

Фильмнің соңғы нұсқасы Мемлекеттік Ұлттық Киноны қолдау орталығының экспертті кеңес өкілдеріне 26-маусым күні көрсетіліп, бекітілді. 

Айта кетерлігі, фильмнің режиссері және сценарий авторы – Кенжебек Шайқақов 2014 жылы «Аманат кз» продюсерлік орталығының қаржыландыруымен «ДSfilm» киностудиясында дебюттік «Күркө» атты фильмін түсірді.

Аталған кинокартина сол жылы Душанбе қаласында өткен халықаралық «Дидор» кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды. 2015 жылы Ресейдің Чита қаласында өткен «Байкал аймағы» халықаралық кинофестивалінде «Әділқазылардың арнайы жүлдесі» номинациясымен марапатталды. 

2015 жылы Якутскде өткен халықаралық кинофестивальде «Ең үздік режиссерлік дебют» номинациясымен марапатталды. 

Сол жылы Алматы қаласында өткен тұңғыш қазақстандық «Сыншылар таңдауы» киномарафонында «Жылдың үздік сценарийі» жүлдесін алды. 

Сондай-ақ, сол жылы Австралияның Брисбан қаласында Азия және тынық мұхиты аймағы киноакадемиясының «АРSA» кинофестивалінде «Үздік сценарий» номинациясы бойынша қатысты.