Ұлт ұстазының «Тіл мұраты, болмыс философиясы»

Ұлт ұстазының «Тіл мұраты, болмыс философиясы»
Суреттерді түсірген - автор

Дидар Амантайдың жаңа кітабы жарық көрді

Алматыда жазушы Дидар Амантайдың Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тіл мұратын, философиялық болмысын талдаған роман-эссесі жарық көрді. 

Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК қолдауымен жарық көрген жазушы Дидар Амантайдың  «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» атты кітабының тұсаукесері Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде өтті.

Шараға Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» ОӘҒЗО-ның, Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің өкілдері және «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» қызметкерлері, студенттер, Абай атындағы мектептің жас жеткіншектері қатысты. 

Философ жазушы, кинодраматург Д.Амантайдың аталмыш еңбегі бұған дейін А.Байтұрсынұлы турасындағы зерттеу еңбектерінен айрықша. Кезекті кітабында автор Ұлт ұстазының мұраларынан туындайтын философиялық тұжырымдарды алға тартады. Сондай-ақ оның  ағартушылық және әлеуметтік тақырыпта жазылған еңбектерін талдайды.

Автордың бұл еңбегі ахметтануда тың көзқарастарға толы болуымен ерекшеленген. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы әрі ағартушының тұлғалық қабілетіне жаңа қырынан үңілген. Жаңа еңбек А.Байтұрсынұлының болмыс философиясына үңілген алғашқы еңбек деуге болады.

Шарада «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің» жетекшісі Райхан Имаханбет Дидар Амантайға аса бағалы еңбегі үшін ризашылығын білдірді.