Аяз алқымнан алғанда, астаналықтар жұмысқа конькимен баратын болған

Аяз алқымнан алғанда, астаналықтар жұмысқа конькимен баратын болған
Сурет: Sxodim.com

Арқаның аязы қаһарына мінді. 

Астанада бірнеше күн бұрын жаяу жүргіншілер жолы көктайғаққа айналған еді. Содан бері көшелер әлі толық тазаланып бітпей жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Аяқтарына коньки киіп, емін-еркін сырғанағандарды көрсеңіз, таң қалудың қажеті жоқ. Бас қаланың орталығында тротуарлар көктайғаққа айналды. Бірнеше күннен бері жұрттың жүріс-тұрысы біршама қиындады. Тіпті кей тұрғындар қыстық аяқ қиімін конькиге айырбастай бастады. 

Етігін конькиге ауыстырған тұрғынның бірі - Диас Әбдірахман. Көктайғақты ермегіне айналдырған ол конькиді көлік етіп жүр. "Көшедегі айнадай мұзды көріп, еркін сырғануға болатынын байқадым", - дейді ол.

«Жұмыстан шыққанда, көктайғақты көзім шалды. Көшедегі айнадай мұздың үстімен коньки арқылы сырғанауға болатынын бірден байқадым. Осылайша, қызығушылықпен видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктедім. Артық астар болмады. Бірақ, сол бейнетаспадан кейін әкімдіктегілер мен жүріп өткен жолды қайта қалпына келтірдік деп хабарлады», - дейді қала тұрғыны Диас Әбдірахман. 

Көшедегі қалың мұз біреуге ермек болса, енді біреулер жерге құлап, жарақат аламыз ба деп үрейленеді. Тротуардан бөлек, аялдамалардағы мұз да әлі алынбаған. "Адымды аңдып басатын болдық", - дейді тұрғындар.

«Таңертең жұмысқа барғанда қиналамыз. Шыққанда құлаймыз ғой. Бізде жұмыста бір қыз құлап қалып, қолын сындырып алды», - дейді тұрғындардың бірі. 

 «Адамға өте қауіпті. Жүру өте қиын. Осы жылы 5-6 рет құладым. Бірақ шама келгенше еш жерді сындырмауға, ауыртпауға тырысамыз. Қиындау», - дейді тағы бір астаналық тұрғын.