Алматыда мейірбике ісінің рөлі мен маңыздылығы туралы айтылды

Алматыда мейірбике ісінің рөлі мен маңыздылығы туралы айтылды
Сурет: Ашық дереккөз

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мейірбике қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға қолдау көрсетеді

Бұл туралы ӨКҚ алаңында мейірбике ісін дамыту жөніндегі үйлестірушісі, №18 қалалық емханасы мейірбике ісінің ардагері Майя Абабкова мен үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мейірбикесі, №10 қалалық емхананың бас мейірбикесі Гүлнәр Қожақанова айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

12 мамыр - Халықаралық мейірбике күніне орай Алматы қаласында бірқатар іс-шаралар, оның ішінде ғылыми конференциялар, байқаулар және т.б. ұйымдастырылуда.

«Атаулы күнге орай бізде көптеген іс-шаралар өткізілуде. Мысалы, 20 мамырға «Ана мен бала» конференциясы жоспарланған. Аудандық деңгейде медициналық мекемелер арасында байқаулар өткізіліп, қалалық кезеңнің жеңімпаздары ертеңгі мерекелік кеште марапатталатын болады», - деді өз кезегінде Г. Қожақанова.

Спикер медицина қызметкерлерін дайындауда олардың үздіксіз кәсіби білім алуына үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы мақсатта Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мейірбике қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға қолдау көрсетеді.

«2022 жылы қаланың 10 бас мейірбикесі тәжірибе алмасу мақсатында Израиль мемлекетіне барды. Онда біз ауруханада қызмет көрсету дағдыларын игердік. Біз алған тәжірибені пилоттық жоба ретінде осында енгізудеміз», - деп қосты ол.

Өз кезегінде ардагер мейірбике Майя Абабкова, денсаулық сақтау саласында мейірбике рөлінің айтарлықтай артып, жұмыстың 80% астамы оған жүктелетінін айтты.

«Меніңше, біздің қазақстандық, алматылық денсаулық сақтау саласының жетістіктеріне медбикелердің қосқан үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мамандықтың негізі неде деп менен сұраған жағдайда, мен мейірімділік дер едім. Бірақ бүгінгі таңда мен оның негізінде үнемі шыңдалу арқылы ғана келетін кәсібилік деп айтар едім», - деп бөлісті ол.

Спикерлер ақпараты бойынша, Алматы қаласында 18 мың мейірбике болса, олардың 4800-ден астамы жоғары білімді. Қалада сонымен қатар мейірбикелер қауымдастығы да бар.