Алматыда аула аумақтарын абаттандыруға қойылатын талаптар өзгереді

Алматыда аула аумақтарын абаттандыруға қойылатын талаптар өзгереді
Суреттерді түсірген - Д.Исаев

Ерболат Досаев Алматыда аула аумақтарын абаттандыруға қойылатын талаптарды қайта қарауды және стандарттарды әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Қала нысандарын аралау барысында Алматы әкімі аула аумақтарын күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету мәселесіне бейінді басқармалардың назарын аударды.

Тиісті күтімнің болмауына байланысты балалар мен спорт алаңдарының қызмет ету мерзімі қысқа. Сондай-ақ, Алматы әкімі ойын аймақтары жабындыларының сапасына назар аударды: жақында пайдалануға берілген нысандар (2021 ж.) қанағаттанғысыз жағдайға жеткен.

Ерболат Досаев бейінді басқармалар мен аудан әкімдеріне, балалар ойын және спорт аймақтарын салу кезінде олардың көп жылдар бойы пайдаланылуына назар аударуды және сапа стандарттарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, қала басшысы аудан әкімдіктеріне аулаларды ғана емес, жақын маңдағы аумақтарды мердігерлермен абаттандыру мәселесін шешу үшін қосымша қаражат бөлуді тапсыратынын айтты.