Алматы прокуратурасы суицидтің алдын алған полиция қызметкерлерін марапаттады

Алматы прокуратурасы суицидтің алдын алған полиция қызметкерлерін марапаттады
сурет: gov.kz

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне қол сағаттары берілді.

Прокуратурада суицидтің алдын алған полицейлер марапатталды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

«Ағымдағы жылдың 8 наурызында Алматы қаласы Түрксіб аудандық патрульдік полиция полкінің қызметкерлері, аға инспекторлар Санжар Әбдірайымов пен Құдайберген Тоғжанов азаматтың өзіне-өзі қол жұмсау әрекетінің алдын алды», - деп жазылған прокуратура баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ер адам жол үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірінің қоршауынан ұстап, ілініп тұрған. Жол қозғалысын тоқтатқан полицейлер жүк көлігін өзін тастап жіберуге әрекеттенген ер адамның астына әкеліп қойды.

Осы әрекеттер арқылы адамның өмірін сақтап, қайғылы оқиғаны болдырмаудың мүмкіндігі туды.

10 наурызда Түрксіб ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев, адамды құтқару бойынша жедел және үйлесімді жұмысты қамтамасыз еткені үшін инспекторларға алғысын білдіріп, оларды атаулы қол сағаттарымен марапаттады.