Әдепті әйел әдемі

Әдепті әйел әдемі
Сурет: ашық дереккөзден.

Сұлулық дегенде біз көбіне сыртқы келбетке мән береміз. Жігіттер жағы қасы-көзі қиылған, сымбаты келіскен аруды көрсе, мойын бұрмай өтпейді. Адамның бәрі көрікті емесі тағы рас. Бірақ хас сұлу болмасаңыз да, қарапайым жүріс-тұрысыңызбен, тіпті отырып-тұру этикетімен де көркем бола аласыз. Ендеше, бүгін сол жөнінде аз-кем айтайық.

 

СӘЛЕМ!

Әдептілік – амандасудан басталады. Әдетте, жасы кіші немесе үлкен болсын, сырттан кіріп келген адам бірінші болып сәлемдесуге тиіс. Екі адам болып келе жатқанда, қасыңыздағы кісі сізге бейтаныс біреумен амандасса, сіздің де амандасқаныңыз жөн.

Даусыңыз бен күлкіңіз де сізді сұлу ете алады. Түсініксіз әрі жылдам сөйлеу, айқайлап, дарақылана күлу көрікті деген қызды да жағымсыз етіп көрсететіні сөзсіз. Жәй сөйлеу керек екен деп сыбырлап сөйлеу де жөн емес. Мұндайда асықпай, сөзді анық айтып, дұрыс түсіндіре білу де маңызды.

Бірінші жүздескенде алдымен ер адам амандасуы қажет. Ал әйел адам ілтипат көрсете басын изеуіне, жымиюға немесе қолын ұсынуына болады.

Көшеде ер адам әйелдің сол жағында жүреді. Ал әскери қызметкерлердің оң жақта жүруіне болады, әскери амандасуға әзір болуы үшін.

 

ТӘРБИЕ

Қоғамдық көліктеміз. Жанымда отырған әйел әлдекіммен бар даусымен сөйлесіп отыр. Құдды үйінде немесе оңаша отырған секілді.

– Әй, Мако деймін, мен саған қазақша айтып тұрмын ғой, Төле бидің бойымен келе берсейші. Тез келесің. Автобус ағылып жатыр. Білмеймін. Көрмедім. Осы сендерге ылғи айтамын ғой, баланың қолына бермеңдер деп, бір жерге тастаған шығар, дұрыстап қараңдар, – деп ұзағынан ағытылды бейтаныс жолаушы әйел.

Қарапайым этикет қағидасына сүйенсек, телефонмен ұзақ әрі айқайлап әңгімелесіп тұрып алу мүлдем дұрыс емес.

Қоғамдық орындарда эмоцияңызды тежей біліңіз. Қатты сөйлеп немесе беріле әңгіме айту, музыканың даусын қатты шығарып тыңдау тым артық. Біріншіден, көпшіліктің назарын аударасыз. Екіншіден, бұл сіздің тәрбиесіздігіңізді білдіреді.

 

КЕШІКПЕҢІЗ

Басқаны тыңдай білу – өнегелілік. Тіпті, өзгенің айтқанымен келіспей тұра, оны соңына дейін тыңдап шығу – тәрбиеліліктің белгісі.

Есік қағудың қажеті жоқ. Әсіресе, жұмыс уақытында әріптесіңіздің немесе басшыңыздың кабинетіне есік қағып кіру міндетті һәм ыңғайсыз емес. Әрине, бұл баса көктеп кіріп бару керек деген сөз емес, жәй ғана «кіруге рұқсат па?» деп кірген әдептірек.

Уәделескен уақыттан ешқашан кешікпеңіз. Жауапсыз адамдар ғана кешігіп жүреді. Егер кешігетін себеп болып тұрса, алдын ала ескертіп қойған дұрыс.

Егер біреу сізге тіл тигізсе, оған сондай дөрекілікпен жауап беру шарт емес. Дауыс көтермеген абзал, оның деңгейіне түспеңіз.

 

ҚОЛШАТЫР

Екі-үш күн қатарынан жауын жауды. Таңертең жұмысқа келгенде бәріміз қолшатырымызды ашып, суы кепсін деп кабинетке жайып қоятынымыз бар. Сөйтсек, ол мүлдем дұрыс емес, этикетке қайшы екен. Яғни қолшатырды офисте немесе қонаққа барған жерде ашық күйінде кептіруге болмайды екен. Оны жинап, босағаға іліп немесе есік көзінде қолшатырға арналған арнайы қорап тұрса, соған салып қою керек деседі.

Балаңыздың бөлмесіне есігін қағып кіріңіз. Сонда ол да сіздердің, яғни ата-анасының бөлмесіне есікті қағып, рұсқат сұрап кіретін болады.

Лифтіге бірінші болып ер адам кіреді, ал шығар кезде кім есік алдында тұр, сол бірінші болып шығады.

 

РАХМЕТ

Алдын ала ескертпей қонаққа бармаңыз. Нанды қолмен бөлу керек. Егер шәй стақанға құйылса, қасықты ішінде қалдыруға болады. Ал кесеге құйылса, қасықты алып тастау керек. Қантты қатты араластырмайды, өздігінен ерігенше күту керек.

Қонақта болғанда сүртінбес бұрын сүлгіні қолдануға болатынын, болмайтынын үй иесінен сұрағаныңыз жөн.

Әрдайым алғыс айтып жүруді ұмытпаңыз. «Рахмет», «кешіріңіз», «оқасы жоқ» сынды сөздер де – әдептілігіңіздің белгісі.

Осы қарапайым қағидаларды орындап жүрсеңіз, жетістік атаулы да сізден алыс болмайды. Әрі нағыз сұлу адам сіз боласыз.

 

Тақырыпқа орай

АЙНА

  • Адамның беті оң жағынан емес, сол жағынан қарағанда әдемірек көрінеді.
  • Айна алғашында аристократтардың атрибуты болып саналған. Өйткені, о заманда айнаның бағасы теңіз кемесінің құнымен пара-пар болған. Ал көпшілікке XIX ғасырда жете бастаған.
  • Адам жеке суреттен гөрі топтық суретке сәтті және әдемі боп түсетін көрінеді.
  • XVIII ғасырда француз қыздары қасын толығымен қырып алып тастап, орнына тышқан терісін жапсырған.
  • Қытайда тырнағы ұзын қыздар ақылды саналады.