Ермұрат БАПИ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Мақсат –  болашақ үшін қызмет 

Ермұрат БАПИ,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  Мақсат –  болашақ үшін қызмет 
almaty-akshamy.kz

Елдің мүлкіне қол салғандардың шетке асырған активтерін табанды түрде елге қайтаруға ниеттіміз

Америка Құрама Штаттарының отыз бесінші президенті Джон Кеннеди «Америка маған не береді емес, мен Америкаға не беремін» деген қағиданы ұстанған екен. Дамыған державалар санатына ену үшін осындай алмағайып заманда отаншылдық мақсат-мүдде ауадай қажет екені айқын.

Білгір шешен Сырым Датұлы «Мен ағайынды екеумін: біреуі – өзім, екіншісі – халқым» депті. Тауып айтылған ұлғатты сөз. Осыған қарап бұқара мен билік бірлесіп іс қылса, тірлік өнетінін байқаймыз. Сондықтан елдегі әлеуметтік экономикалық өзгеріс пен тың бастамалар төңірегінде ой қозғауды жөн санадық. Осы және өзге де өзекті мәселелер жайында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат БАПИМЕН сұхбат құрған едік.

 

Мемлекет ісі баршаға ортақ

– Әділетті Қазақстан орнап келе ме?

Біздің қоғам және халық шынында да жаңа әрі Әділетті Қазақстан орнатуға мүдделі десек, соның ең басты алғышарты – теңдік орнату болып саналады. Осы уақытқа дейінгі жүріп өткен соқпағымыз айтылмаса да ұғынықты. Шынын айту керек, бұған дейін жеке бастың қамын алға шығарып алған едік. Бұның арғы жағында талай дүние жатыр. Сондықтан автократиялы жүйеден тазартылып, жаңа көзқарастармен ілгерілей беру қажет. Өйткені, мұнсыз бір қадам да жылжу қиын. Сол себепті де, әділетсіздік әбден еңсесін басқан жұртты әділеттілік табатындай жағдайға жеткізу керек. Дәлірек айтсақ, халық заң орындарынан, күштік құрылымдардан ақиқаттың алдаспанындай болатын әділетті қоғам құруға ұмтылысты іс жүзінде көруі тиіс.

Негізінен халық заңның негізінде өз мүддесін қорғай білгені жөн. Баяғыдай «бармақ басты, көз қысты» немесе «жең ұшынан жалғасқан жемқорлық» сияқты оғаш, одағай әдеттен арылу қажет. Қарапайым адамдарда қалайда әділетке қол жеткізе алатындай сенім, мүмкіндік болуы шарт. Қазіргі жаңа әділ қоғам құруға талпынған ниетіміздің барлығына нұр жауғай. Осы арада шапалақ бір қолдан шықпайды дегіміз келеді. Әркім өз хал-қадерінше осыған атсалысса игі. Біреудің ықпалына кірмей, болашаққа нық қадам басудың алғы шарттары жасалуы қажет-ақ. Әсіресе, ел дамуында жастардың үлесі, тигізер пайдасы зор болғаны абзал. Жалпы Әділетті Қазақстан ұғымы атына заты сай құрылуы қажет деп ойлаймын.

 

Экономикаға қалыпты динамика керек

Президент  Жолдауында экономикалық бағытқа айырықша басымдық берілгені белгілі. Халық қалаулысы ретінде Сіз тағы нақты қай салаға басымдық берген дұрыс деп ойлайсыз?

– Біздің елде әлдебір саланы дамытайық, қалғаны тұра тұрсын деген жаңсақ пікір болмай-ақ қойсын. Ондайдың қажеті де жоқ. Бүкіл елді, барша қоғамды оның экономикалық саясатымен бірге қамтамасыз етейік. Әрине, ең бірінші кезекте бүгінгі таңдағы қымбатшылық пен кедейшілікті шегінен асырмаудың әрекеті алдыңғы орында тұруы тиіс. Сол үшін де экономикалық салаға басымдық берейік. Сонымен бірге, ептеп-ептеп саясат, рухани өмір, әлеуметтік салада да өз бағыт-бағдарларымызды, орнықты мақсат-істерімізді қолға алғанымыз жөн. Таяқтың екі ұшы болатын болса, қос тарапты да қапыда қалдырмайық.

Елдегі экономикалық өсім белгілі бір динамикаға сай бірқалыпты һәм ұдайы өсіп, жоғарылап отыру қажет деп білеміз. Осы аталған қарапайым қағидалар халықтың белгілі бір талабына сай өсіп отырса ұтар ұпайымыз еселене түспек.

 

Сырттан қайтқан қаржыны ел несібесіне жұмсайық

Шетел асқан активтерді қайтару ісі қалай жүзеге асып жатыр?

– Қазақ Парламентінде осы бір айдың төңірегінде сыртқа кеткен активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Енді заң бар, соның тәжірибелік тұрғыда жүзеге асырылу мәселесі қалай болатындығы алаңдататыны да жасырын емес. Құрылған комииссияның нендей істер атқарып жатқандығы беймәлімдеу.

Мемлекет басшысының алдымызға қойған қағидаты – әділеттілік орнату болатын. Осы іске жұмыла кіріскен жөн. Елдің мүлкіне қол салғандардың шетке асырып жіберген активтерін табанды түрде елге қайтаруға ниеттіміз. Бұл бағытта атқарылатын істер бір сәт болсын толастамауы қажет. Сонымен қатар, ашық әрі адал жолмен жұмыс жасалатындығын ашып көрсеткенді құптаған болар едік. Сырттан қайтқан қаржыны елдің қазынасына құйып, халықтың талап-тілегіне, мұрат-мүддесіне сай жұмыс істете білейік. Сондай-ақ, елдің алға қарай дамуына да қайтарылар қаражаттың септігі мол.

Біртіндеп игі істердің шеті қылаң беріп келеді. Біршама өзгерістер аурасы байқалады. Алайда, ауыз толтырып, жырғатып бәлен-түген дей алмаймыз. Бәрін уақыт көрсетер.


Тіл мәселесі түбі бір шешіледі

  • Мәжілісте Мемлекеттік тілге қатысты қазақ қоғамын алаңдатқан мәселелер қарала ма?

– Тіл мәселесі тек бізге тіреліп тұрмағанын білесіздер. Қазіргі геосаяси ахуал шатқаяқтап тұр. Бұл геосаяси жағдайды ушықтырудың құралына айналып кетті. Теңселіп тұрған заманда әр қадамды аңдап басу қажет. Тұспалдап айтқанда, солтүстіктегі аюдың шекесі қызып тұрған шақта, оның шамына тимейтіндей, байқампаз адам байқайтындай үлкен тірліктер жасалып жатыр деп ойлаймыз.

Бүгінде қазақ халқының саны 70%-дан асты. Бізде оң даму үрдісі бар. Қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта қалыптасқан тыныштықты теңселтіп жібермейік. Бізге тыныштық қажет. Осы тұрғыда саяси билік байқампаздық пен сақтық танытып отыр деп ойлаймын. Тіл мәселесі көпке созылмайды, түбі шешіледі. Бірнеше жылдың ішінде оң нәтижеге жетеміз деген сенім бар.

 

Оң тенденциялар байқалады

Іргеміздегі қырғыз ағайындар мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдағаны белгілі. Көршілес ел парламентіндегі бұл үрдіс жайлы ой-пікіріңіз қандай?..

– Парламенке келгелі байқағанымыз, экономикалық-әлеуметтік салада орыс тілін қолданудың үлес салмасы 70%-ды құрайды екен. Мойындау керек, мемлекеттік саяси қарым-қатынас тілінің де көрсеткіші осындай болып тұр. Бұл мәселені Конституциядағы 7 баптың 2-тармағын алып тастау арқылы шешуге болар еді. Бірақ бір жағынан, мұндай шұғыл әрекеттің елдегі дамудың қазіргі жай-күйіне нұқсан келтіретіні де сезіліп тұр. Әйтпегенде, мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтіндерді қабылдамайтын заң шығарып, сол арқылы тіл мәселесін шешіп тастай алатын едік.

Мемлекеттік тілді бәрі бірдей білетін, онсыз мемлекеттік қызмет істей алмайтын жағдай түбі бір орнайды. Әлгінде айтқанымдай тіл мәселесі көп ұзатпай шешімін тауып қалар. Қазір Мәжілістің 95%-ы тек қазақша сөйлейді. Қазақ тіліне байланысты оң тенденциялар Парламенттен басталды. Ендігі іске береке беріп, сәтін салғай. Бұйырса, бұл игі өзгеріс мемлекеттік бағдардың басқа да саласында рет-ретімен жанданбақ. Осы күні Парламент қабырғасына келген министрлер, жалпы әкім-қаралар тек қана қазақша есеп беруге тырысатын болды. Бұны депутаттардың қазақша сөйлеуге қатысты талапты күшейтуімен байланыстырамыз.

Қазақ елінде қазақ тілінің мәртебесі жерде қалмайды. Уақыттың өзі біраз мәселені күн тәртібіне алып келеді. Елдің ішінде қазақша сөйлейтін азаматтар, жастардың қатары артып барады. Бұл қуанарлық жағдай. Ендігі кезекте кәсіби түрде қазақ тілінің қолданыс аясы ұлғаяды деген үлкен үміт пен сенім бар.

 

Жастарға қамқор болайық

Жастар саясаты – мемлекеттің маңызды бағдары. Бұл бағыттың қазіргі жай-күйін қалай бағалар едіңіз...

– Қазір жастарымыздың көбі елден жырақта, сыртта білім алып, жұмыс та істеп жүр. Оларды қазір қақпайлап ұстай алмаспыз. Дәл бүгінгі экономикалық жағдайда мәселені түбегейлі шешеміз деп кесіп айту мұң. Жастарымыз жақсы білім алатын, жұмыс істеп, табыс табуға жайлы елдерге ұмтылады, тірлікке тәуір елге баруға ынтық. Қаракөздеріміз алдағы уақытта да өзіне жағдай жасай алатын қоғамға қарай бет бұра беретіндігі анық. Бұл ретте  патриоттық сезімді күшейтуді, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттауды мықтап қолға алған дұрыс. Сол үшін де ел болашағы үшін қызмет етуіміз керек. Ең басты талап осы. Елдегі экономикалық, тұрмыстық әлеуметтік жағдай жақсарған кезде өз мемлекетіне, өзінің еліне қызмет етуге ынталы жастар көбейеді. Жас ұрпаққа қамқор болсақ, олар елге қызмет етпей қоймайды.

Қазақ мемлекетінің жарқын болашағы сіз бен бізге тікелей байланысты. Біз үшін жер ғаламшарындағы жалғыз жұмақ, ол – Отан, туған ел, ағайын.

Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

"Аlmaty-akshamy", №146, 7 желтоқсан, бейсенбі, 2023 жыл