Алғысөздің авторы

Алғысөздің авторы
almaty-akshamy.kz

Таң бозынан безілдеген телефондағы дауыс: «Сізді әкім шақырып жатыр, тез жетіңіз», деді. Абырой болғанда күн жексенбі еді. Кептеліс жоқ. Жедел жеттік. Әкімнің кабинетінде қалалық әкімдікке қарасты БАҚ басшылары, баспасөз хатшысы отыр.

– Қос, – деді Ахаң тұтас бір қабырғаның жартысын алып тұрған теледидарды нұсқап.

Жергілікті телеарна хабарының тақырыбы – жемқорлық, жезөкшелік, нашақорлық, жұмыссыздық, қайыршылық, кептеліс, т.б. Әкімнің қызметке кіріскеніне шамасы үш ай болған. Бұған дейін бәрі тым-тырыс болатын.

– Бұл қалада қашан күн шығады, мырзалар, – деді Ахметжан Есімов. «Мырзалар» деген тұсқа әжептәуір екпін түсіріп сөйледі. Жерге қарап отырмыз.

– Ал сен қалай ойлайсың, – деп маған қарағанда, не дерімді білмедім. Қарға қарғаның көзін шұқысын ба, сасқанымнан әріптестеріме қарай беріппін. Қысқасы, бұл жиыннан мойнымыз салбырап, ер-тоқымымыз артқа кетіп қайттық. Оның үстіне жаңа әкіммен алғаш бетпе-бет кездесуіміз осылай басталды. Менің есіме осыдан біраз бұрынғы жағдай түсті. Ахаң екеуіміз сырттай таныс болып қалған едік. Бұл жолы маған ескі танысындай назар аударуының сыры былай.

Бұл жолы да телефон таң бозынан безілдеген.

– Әй, батыр, елуге келген адам қалай тыныш жатырсың, – деді. Сасқанымнан «бұл кім екен?» деппін. Әлі көріп, білмеген әкім телефон соғады деп ойламайсың ғой.

– Ахметжан Есімов (жалпы ресми адамдар көбіне аты-жөнін толық айтады ғой), – деді де жаңа ғана «Таңшолпаннан» мені құттықтап жатқанын айтты. Содан бұл кісі күтпеген сауал қойып тағы састырды.

– Мен неге сені орныңда қалдырдым, – десін. Мен жауап берем дегенше бұл тығырықтан да өзі шығарып алды.

– Сендер жұмыс істейді екенсіңдер, давай ауырма, аман болыңдар, – деді.

Кейінірек біле бастадық қой, бұл кісінің барған жерінде бірден команда жасақтап, жұртты әбігерге салу табиғатында жоқ екен. Алдымен әр саланың жұмысын іштей, сырттай саралап, бақылап, жергілікті кадрдың әлеуетін әбден екшеп, екі шоқып, бір қарап сүзгіден өткізетін көрінеді. Естуімізше, «Алматы ақшамының» тігіндісін де тәптіштеп қарағанға ұқсайды. Айтары жоқ бұл ойымызға бұдан соң да талай мәрте көзіміз жетті. Ахаң туралы айтылуға тиісті ойдың бірсыпырасы былай бедерленді.

Шыңғыс қаған заманынан бермен «Жаугершілік заманда аттан түспеген дұрыс шығар, ал бейбіт күні ел басқаруға келгенде аттан түсу керек» деген сөз қалған деседі. Бұл сайып келгенде, өнердің өнері ел басқару ісінде басшы адамның бойында айрықша қасиеттер болуы қажеттігіне меңзейді. Айтса айтқандай, екі шоқып бір қарау, тез, асығыс шешім қабылдамау, кісінің бағасын білу, қоғамдық ситуацияны жан-жақты бағамдау, мемлекет мүддесі мен ұлт мүддесін қатар ойлап, терең түсініп және оған парасат-пайым, білім-білігін серік етіп, халықтың пайдасына жұмыс істеу де екінің бірінде жоқ қасиет. Қашанда айқайламай, жарнамасыз жұмыс істейтін Есімовтің осындай ұстанымы, артықшылығы да әркез табыла кететін сарапшылар тарапынан да қалыс қалмай, оң бағасын алды. Айтарымызды мысалмен мәндіздейік.

Қайсыбір жылы Алматының төңірегінде терактілердің нышаны байқала бастады. Үрейге үрей қосқан мұндай оқиғалардың Таусамалы, Бағанашыл тұсында болғанын ел ұмыта қойған жоқ. Алматының іші-сыртын ерді түгендеп, іске енді құмбыл кірісіп жатқан шақта әкімге оқыс оқиғаның түрлі ой салғаны рас. Қажетті жерінде пікірін бүкпесіз айтатын Ахаң ойлана келе бұл аймақтардың Алматыға қарау қажеттігіне тоқталды. Себебі, бір орталықтан басқарудың тиімділігі дәлелдеуді қажет етпейтін еді. Бұл өңір облыстан тым жырақ, Алматының ішінде жатыр. Ұсыныс Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Оның үстіне, сол тұста қалаға кірген 23 мың гектар аймақтың проблемасы да шаш-етектен. Әрине, әкімге артық жұмыстың, өзіне-өзі «сор» тілеп алудың не қажеті бар еді. Алайда, шаһар мүддесі, келешегі үшін осындай қадам жасамасқа және болмады.

Әрине, шағын мақалада әкімнің бар атқарған жұмысын бүге-шігесіне дейін айтып шығу мүмкін емес. Соның өзінде көктей шолып шығуға болады. Алматыдағы Кеңес өкіметінен бермен қарай жұрттың күнкөріс көзіне айналған атақты «Барахолканы» кім білмейді? Бұған дейін ешкімнің тісі батпаған шулы аймақты заманауи талаптарға сай жаңғыртып, өркениетті үлгідегі сауда орнына айналдыруға күш салу оңай болды деп кім айтсын? Сонымен қатар, «Көкжайлау» дауы да Ахаңның кезінде көтеріліп, оны шешудің жолдары да оң шешімін тапты. Сонымен қатар, құрылысы 20 жыл бұрын басталған метро жырына да нүкте қойылды. Метро 2011 жылы іске қосылып, тәулігіне 40 мың жолаушы тасымалдады. Басқасын былай қойғанда, даулы мәселесі шаш-етектен, тұрғындары негізінен елдімекендерден қоныс аударған Алатау ауданын ретке келтіру бір моноқала салғанмен бірдей болды десек, қателесе қоймаспыз. Өзім осы ауданнан үш мәрте депутат болғанда келешекте шешімі қалай болатындығына көз жетпеген мәселелер де шешімін тауып жатты.

Әсіресе, бұл өңірдегі ең шулы мәселе заңсыз салынған баспаналар еді. Бұл ретте Ахаңның тікелей қамқор болуымен мыңдаған баспаналар заңдастырылып, иә заңдастыруға келмеген күнде де үйсіз қалдырмаудың жолдары қарастырылды. Басқасын былай қойғанда, тіпті велосипедті қалада қажетті көлікке айналдыру да бұрын-соңды бұлай қолға алынған жоқ еді. Қалада Республика мен Балуан Шолақ сарайынан кейін 40 жылдан соң  Алатау ауданында арнайы Мәдениет сарайы салынып, ол кейіннен Алатау дәстүрлі өнер орталығына айналып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бет бұрды. «Алматы ақшамы» осы бір жылдары «Шаһар шежіресі» атты айдар ашып, қала тарихын қопарып жаза бастады. Соның бірі «Алматыны басқарғандар» деген жобаны қолға алдық. Ахаң бұл жобаны қуана қолдап, кітаптың алғысөзін жазуға да келісімін берді.  «...Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен «Алматыны басқарғандар» атты деректік-танымдық еңбектің жарық көруіне тек шаһардың ғана емес, Қазақстан тарихының да рухани шежіресінің жарқын беттері деп қарау керек.

Ел басқару – ардың ісі, бекзат өнер. Бұл кітаптың маңыздылығы сонда – әрбір басшының Алматыны басқарған кезіндегі атқарған істері, елге сіңірген еңбегі әрқайсымызға үлгі-өнеге болуға тиісті» тиісті деп жазды Ахаң.

Адамның тағын жасағанмен, бағын жасай алмайсың. Бұл – шындық. Өмірлік мұратын еңбектен тауып, елін ернімен емес, жүрегімен сүйген адамды бақтың өзі іздеп табады. Алғы сөздің авторы Ахметжан Есімов те сондай азаматтардың сойынан екеніне бірге қызмет еткен жылдары талай мәрте куә болдық. 

                   Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.