Қазақстан ауғандық босқындарды қабылдаған жоқ

Қазақстан ауғандық босқындарды қабылдаған жоқ
Сурет: Russian.rt.com

WhatsApp мессенджерінде Қазақстанға 70 мың ауған азаматы келеді деген жалған ақпарат тарап кеткен еді.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға ауған босқындарының келетіні, олардың Шымкент қаласы мен Түркістан облысына орналасатыны туралы ақпарды теріске шығарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Әлеуметтік желіде «босқындардың 500-і ұшақпен Шымкент әуежайына келген, тағы 1500 адам алдағы уақытта келеді екен» деген қауесет тараған. 

«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп жазылған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің ФБ парақшасындағы жазбасы да бұл қауесетті теріске шығарды.

«Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады», -деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.