«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» байқауының жеңімпаздары белгілі болды
Сурет: mobilaser.kz

Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алады.

Республикалық конкурстық комиссия оқытушылар арасынан үздіктерді таңдады. 43 қазақстандық ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Ақшалай ынталандырудан басқа, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпаздары төсбелгіге ие болады.

Конкурс жыл сайын оқытушы мамандығының беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамуға ынталандыру мақсатында өткізіледі.

Байқауға еліміздің 80 жоғары оқу орнынан барлығы 768 үміткер қатысты. Конкурста электрондық оқу ресурстарын, материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдарда ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т. б. көрсеткіштер бағаланды. Сондай-ақ үміткерді оқыту сапасы, оның бакалавриат, магистратура және докторантурада кадрлар даярлау жөніндегі жұмысы бағаланды.

Айта кетейік, байқау ҚР ҒЖБМ ақпараттық жүйесі базасында өтті, ол арқылы қатысушылар барлық кезеңдердің ашықтығын байқай алды. «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2023» конкурсына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар электрондық форматта қабылданды. Бұл байқауды өткізудің ашықтығын қамтамасыз етті.

Комиссия құрамына ҮЕҰ, жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері және білім беру саласындағы сарапшылар енгізілді.

Жеңімпаздар тізімімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтында танысуға болады.