Жыл басынан бері 204 оқушы негізгі пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардан жүлделі оралған

Жыл басынан бері 204 оқушы негізгі пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардан жүлделі оралған
Сурет: Inbusiness.kz

Халықаралық пәндік олимпиадаларға барлығы 500-ден астам қазақстандық оқушы қатысты.

Олар ел қоржынына 26 алтын, 56 күміс, 122 қола медаль әкелген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап.

«Оқушылар 200-ден астам медаль жеңіп алды. Бұл әрбір екінші оқушымыздың медаль жеңіп алғанын білдіреді. Біздің балаларымыз жүзден астам елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, үздік нәтиже көрсетті. Олар ұлттық құрамаға еніп, IMO, IPhO, IBO, IOL, IchO және т.б. басқа да халықаралық олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік алады. Қазір балаларымыз ең беделді пәндік олимпиадаларға қатысып жатыр. Оқушыларымыз осы олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болса, ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық университеттерде оқу үшін гранттарға ие болады», - деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Еске сала кетейік, биыл Президенттің тапсырма бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары қазақстандық ЖОО-да білім алу үшін ақшалай сыйлықтар мен гранттарға ие болады. Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Сонымен қатар оқушыларды байқауға дайындаған ұстаздарға да біржолғы сыйақы төленеді.