Мемлекеттік, ұлттық университеттерде оқу қымбаттамайды

Мемлекеттік, ұлттық университеттерде оқу қымбаттамайды
Сурет: Smapse.ru

Бірнеше жекеменшік университетте баға көтерілді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы білім алу ақысы ұдайы бақылауда болатынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Министрдің айтуынша, биыл мемлекеттік және ұлттық универсиеттерде оқу ақысы былтырғы оқу жылының деңгейінде қалады.

«Ақылы оқудың бағасы – көп адамдардың көкейінде жүрген мәселе. Бірнеше жоғары оқу орны, әсіресе, батыс өңірлерде бағаны көтерді. Біріншіден, бұлар – жекеменшік жоғары оқу орындары. Екіншіден, бұған дейін бірнеше жыл оқу бағасын көтеруге мораторий болған. Сол мораторий мерзімінің аяқталуын күтіп-күтіп, қазір біраз көтере бастады. Бірақ біз биыл мәселені түсініп отырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын бір кезеңге тап келіп тұр. Геосаяси мәселелер бар, бағалар көтеріліп келе жатыр. Сондықтан мемлекеттік, ұлттық жоғары оқу орындарында шәкіртақы төлемақылары көтерілмейді», - деді ведомство басшысы.

Министр мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы білім алу ақысы ұдайы бақылауда болатынын айтты.

«Оны біздің министрлік бақылауда ұстайтынын нақты айта алам. Бірнеше жекеменшік университетте баға көтерілді. Бірақ мемлекеттік универсиеттерде бағаны биыл көтермейміз. Яғни, былтырғы оқу жылындағы деңгеймен қалады», - деді Саясат Нұрбек.