Жер сілкінісі кезінде жалған ақпарат таратқандар табылды

Жер сілкінісі кезінде жалған ақпарат таратқандар табылды
Сурет: Аqmeshit-zhastary.kz

Алматы қалалық прокуратурасы жер сілкінісі кезінде жалған ақпарат таратқан хабарлама авторларын тапты.

Алматыда 23-қаңтар түн ішінде жер сілкінгені белгілі. Халықтың зәре-құты қашқан сәтте оны одан ары үдете түсетіндер әрқашан табылады. Сол кезде де  әртүрлі әлеуметтік желілерде және мессенджер чаттарында табиғи апаттың салдары туралы көрінеу жалған хабарламаларды орналастыру фактілері орын алды. Бұл өз кезегінде азаматтар арасында дүрбелең және кең қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап. 

«Жер сілкінісі кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде табиғи апаттың салдары туралы көрінеу жалған хабарламаларды орналастыру фактілері анықталды, бұл өз кезегінде азаматтар арасында дүрбелең және кең қоғамдық резонанс тудырды. Мұндай әрекеттерді жасау фактілері бойынша қазіргі уақытта 1995 және 2006 жылдары туған екі әйелдің жеке басы анықталды», делінген прокуратура хабарламасында.

Жалған ақпарат таратқан екі әйелге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.