Жас ақындар сайысты

Жас ақындар сайысты
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласы Білім басқармасы «№1 Оқушылар үйінде» «Айтыскерлер қауымдастығы» құрылуына орай ағымдағы жылдың «Жас ақындар мүшәйрасы» өтті. Мүшайра Оқу-ағарту министрлігінің «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы негізінде ұйымдастырылды.

Іс-шараға ақын Қуаныш Қолқа, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сырым Әуезхан, «Jiger» физика-математика мектебінің қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұларбек Жеңісбекұлы, жас айтыскер ақын Бексұлтан Дарын  және ұстаздар, өнерлі жастар, оқушылар, т.б. қатысты.

«Жас ақындар мүшәйрасының» мақсаты –    қазақ халқына ғана тән өнерді, яғни айтысты жасөспірімдер арасында жандандырып, оқушылардың айтыс өнеріне деген қызығушылығын оятып, сөз құдіретін сезіне білуге үйретіп қана қоймай,  сөз саптауға бейім, суырыпсалмалық қасиеті басым жас ақындарды қолдау және олардың шығармашылығын шыңдау.

Мүшейраның негізгі міндеттері – оқушылардың қазақ халқының тіліне, әдебиетіне, соның ішінде айтыс өнеріне деген қызығушылығын арттырып, білімін кеңейту. Сондай-ақ, ұлттық рухты көтеретін айтыс өнерін тереңдете үйренуге ынталандырып, жасөспірімдердің өзіндік қабілеттерін ой ұшқырлығы, қиял жүйріктігі, сөз дәлдігін жетілдіруге жағдай жасау болып саналады.

Сонымен қатар өз еліне, өзінің отанына мақтаныш сезімін қалыптастыруға, білім алушылардың қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға, ақындардың дәстүрлерін лайықты жалғастыру үшін өз үлесін қосуға келген бірқатар айтыскер ақын, өнерлі жастар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

«Қазақ халқының төл өнері айтыстың бала шығармашылығы мен тәрбиесіндегі рөлі зор. Рухани мұраларды қастерлеп, ауыз әдебиетіне сусындап, алғыр да зерек болуына ықпалы бар. Сондықтан, айтыс өнерінің оқушылар арасында насихатталып, іс-шаралардың өткізілуі  домбыраның да беделін көтеріп, қадірінің артуына септігін тигізеді», – деді айтыскер ақын Сырым Әуезхан.