Жалпыға бірдей декларацияны қанша адам тапсырады?

Жалпыға бірдей декларацияны қанша адам тапсырады?
Сурет ӨКҚ

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде 370 мыңнан астам алматылық декларациялануға жатады

2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтарының жалпыға бірдей Декларациялау жүйесіне кезең-кезеңімен кіруі жүргізілуде. Декларациялаудың келесі кезеңдері кімді қамтып өтетінін ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Заңғар Шындалы атап өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Мемлекеттік органның ақпараты сәйкес, жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінде Алматы қаласында 46 мыңнан астам жеке тұлға, яғни мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары декларация тапсырды. 

Екінші кезең 2023 жылы басталды және жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне квазимемлекеттік сектор, мәдениет қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар және олардың жұбайлары кірді. Алматы қаласы бойынша декларацияны 142 мыңнан астам тұлға тапсырды. 

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде яғни 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны ұсыну бойынша міндеттемелер бизнес өкілдері мен олардың жұбайларында, заңды тұлғалардың басшыларында, құрылтайшыларында (қатысушыларында), жеке кәсіпкерлерде туындайды.

“Бұл ретте, бұл міндет "әрекетсіз" мәртебесі бар жеке кәсіпкерлерге және ЖШС басшыларына (құрылтайшыларына) да қатысты болады. Яғни, қолданыстағы немесе әрекетсіздігіне қарамастан, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті базасында тіркелген барлық ЖК және заңды тұлға декларациялануға жатады”, - деп атап өтті З. Шындали.

Осылайша, Алматы қаласында ерлі-зайыптыларды есептемегенде 3-ші кезеңде декларацияланатын тұлғалар саны 378 мың болмақ.

Соңғы 4 кезең, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап-жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне толық кіру, яғни кәмелетке толмағандарды қоспағанда, республиканың барлық азаматтары декларация тапсыруға міндетті болады. Бірақ кәмелетке толмаған адамдар:

- меншік құқығында Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлік болса;
- құрылысқа үлестік қатысу туралы шарт бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жылжымайтын мүлік құрылысында үлес болса;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарда барлық банктік салымдар бойынша айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен жиынтық асатын ақша сомасы бар болған жағдайда декларациялануға жатады.