Лудоманиядан арылудың жолы қайсы?

Лудоманиядан арылудың жолы қайсы?
Суретті түсірген - С.Құсайынов

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, «Рух жаңғырығы» қоғамдық қорының ұйымдасты­руымен «Интернетке тәуелділік және құмар ойындарының алдын алу» жобасы бойынша «Лудоманияға қарсы күрестегі өзекті мәселе­лер» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өтті.

Жиынға Алматы қаласы мәс­лихатының депутаты Еркін Ра­қышев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия кафедрасының аға оқытушысы Әбдірашит Бәкірұ­лы, мәдениеттанушы Бердалы Оспан мен психолог мамандар қатысып, жастар арасында белең алған құмар ойынның салдары мен онлайн казинолармен күрес жолы айтылып, атқарылған іс- шаралар талқыланды.

«Қазақстан бойынша 350 мыңнан астам адам осы дертке шалдыққан. Балалар мен жас­тар ғана емес, үлкендер де құ­мар ойынға беріліп, өзін қо­ғамнан жоғалтып алып жатады. Бұл жобаның аясында біршама жұмыс атқарылды. Жастармен жүзбе-жүз кез­десіп, іс-шаралар жиі ұйымдас­тырылу керек», – деді «Рух жаңғырығы» қоғамдық қоры­ның мүшесі Мұхамеджан Тоқ­тағұлұлы.

Тақырыпқа орай

Нұрсұлтан БЕКҚАЙЫРОВ,  Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы Жастар бастамаларын қолдау бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

Түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіледі

Жастар саясатының бастамасымен интернет тәуелділік пен лудоманияға байла­нысты бірнеше іс-шара өтті. 100-ге жуық заңсыз сайт анықталып, полицияға хабар­ланды. Осы жұмыспен айналысатын арнайы мамандар күдікті сайттардың заңсыз екенін анықтап, олардың лицензиясы бар-жоғын тексеру үшін полиция департаменті­не жібердік. Қаладағы 20 университет пен 20 колледжде, базарда жұмыс істейтін жастарға лудоманияның зияны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы мақ­сатта түрлі жобалар қолға алынады деген сенімдемін.