Ұялы байланыс қызметтерінің бағасын мемлекет реттеуі мүмкін

Ұялы байланыс қызметтерінің бағасын мемлекет реттеуі мүмкін
Сурет: ашық дереккөз

 Отандық нарық монополиядан толық арылған уақытқа дейін ұялы байланыс қызметтерінің бағасын мемлекет реттеуі мүмкін.

Мұндай ұсыныс Ашық НҚА порталында жарияланған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатында көтерілген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабы 3-тармағы 14-тармақшасына сәйкес, мемлекет қоғамдық маңызы бар нарықтардағы кәсіпкерлік субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, қызметтеріне бағалар мен тарифтерді реттейді», - делінген құжатта.

Алайда, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің квазимемлекеттік секторға жататын ұялы байланыс операторларының қызметтеріне баға белгілеу құқығы жоқ, -деп жазды ҚазАқпарат.

Ведомство дерегінше, байланыс тарифтерінің күрт қымбаттауын болдырмау және оның алдын алуға осы шектеу кедергі болып отыр. Сондықтан ұялы байланыс операторларының қызметіне мемлекет тарапынан баға белгілеу ұсынылды.

«Квазимемлекеттік сектор қатысатын нарықтарда баға белгілеудің ашықтығы кезінде нарықты толық монополиясыздандыру сәтіне дейін ұялы байланыс қызметтеріне бағаларды мемлекеттік реттеуді енгізу ұсынылады», - деп жазылған консультативтік құжатта.

Бұл бастама 28 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.

Қоса кетсек, былтыр өзінің міндеттемесіне сай сапалы қызмет көрсетпеген ұялы байланыс операторларына 3,4 млрд теңге айыппұл салынған.