«Үлкен қараша» келе жатыр

«Үлкен қараша» келе жатыр
almaty-akshamy.kz

«Ит балағынан түлесе ойдың қысы, жонынан  түлесе қырдың қысы болады». Бабалар  болжамы осындай...

Қара күз жүріп жатыр. Күздің ақырғы айы. Бұл айды қазекең Қауыс деп атаған. Әртүрлі себептермен ай аты амалға ауысып кеткен көрінеді.

Біраз күз амалдары артта қалды. Өткен пайымымызда айтқанымыздай, енді үш күннен кейін «Бозқырау» (Боқырау) амалы басталады. Ол қыстың алғашқы белгісі.

Бұрынғы жұлдызшылар осы амалға қарап, алдағы қыстың қас-қабағын, барысын байқаған. «Бозқырау» нағыз қыраудың өзі,  суықтың көзі.

Әдетте қарашаның басында қар жауып, күшті жел тұратыны белгілі. Биыл ондай табиғат құбылысы орын алып тұрған жоқ. Бірлі-жарым жел мен жауын-шашын көрініс бергенімен, салқын, ызғар болған жоқ әлі. Дегенмен, Алматының өзінде болмағанмен, төңірегіне қар ұшқыны, боз қырау түсті. Мұны қазекең «Ала қанат» деп атаған (бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай жерге ала түскен қар).

Сонымен қарашаның да амалдары аз емес. Солардың бірнешеуіне тоқтала  кетейін. Қараша айы туысымен құстар жылы жаққа қарай ұшып, алғашқы қар түседі, күн суытып, өзен, көлде мұз қатады. Қарашада құстардың қайтуына, қараша айының қайта келуіне байланысты жылдың осы мезгілін «қарашаның қайтуы» деп атаған. Қарашаның 10 жаңасынан 15 жаңасына дейін жалғасатын «Боқырау» амалы бар. Кейбіреулер бұл боқ пен қырау деген сөзден құралған деседі. Боққа (тезек-жапаға) тұрған қырауды, яғни жылқының түнгі құмалағына қатқан қырауды меңзеуден туған. Бұл кезде биенің ішіндегі құлын көлденең жатпағандықтан, әрі жылқы түнде де жайылатындықтан қырау түскен шөпті жеген бие құлын тастап қояды, сондықтан жылқышылар бұл кезде жылқыны күнгейге қайырады.

«Қарашада қар жатпайды, қар жатса тек жатпайды» деген мақалы бар.  Айдың маңызды амалының бірі – «Қауыс».  Басқаша аталуы ақ қар. Осы кезде жауған қар жеңіл әрі жұмсақ болады. «Қауыстың» соңынан іле-шала «Үлкен қараша» амалы көрініс береді. Ол алдағы қыстың хабаршысы.

Амал кезінде қыстаулық үйлерді бүтіндейді. Қыстан аман  өте алатын қозы, бұзауларды іріктеп, қалған арық-тұрық қозы, торпақтарды сатады.

«Қарашада қауыс бар, кәрі-құртаңды тауысар», «Қараша – қауыс, кәрі-құртаңды тауыс», т.б. амал туралы мақалдар халық арасында сақталған.
Осы мезгілде бұғы жарап, қоң жинап үйірге түсе бастайды.

Ай жүйесі бойынша, айдың – 18-і. Қазақы есепке (ескіше) сүйенсек, енді аттай 14 күннен кейін қараша айы басталады. Осы  мезгілде ауа райында өзгеріс орын алады. Оның үстіне жоғарыда айтқанымыздай, екі күннен кейін «Бозқырау» амалы басталады. Алда жоғарыда айтқан амалдар өз ретімен келе береді. Бұлардың бәрі қыстың алғашқы хабаршысы іспетті өзімен бірге қар, дауыл, ызғар ала келетін қаһарлы амалдар...

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Табиғат амалдарына қарап  жасалған жорамал:

 *Құйын көп болса, қыс аязды болады. Жаз бен күз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.

*Бұлт желге қарай көшетін болса, ұзамай жаңбыр жауады. 

*Тышқан биікке шығып шықылдаса, ұзамай қар жауады.

*Торғайлар ұясына мамық таси бастаса, күн кенеттен қатты суытады.