Ядролық медицинаны дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті

Ядролық медицинаны дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті
Сурет: COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК телеграм каналы

Елімізде 4 позитронды-эмиссиялық томограф жұмыс істеп тұр.

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен мемлекеттік, жеке құрылымдар мен саланың жетекші мамандарының қатысуымен ядролық медицинаны дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Вице-Премьер Қазақстандағы ядролық медицина істерінің ағымдағы жай-күйін, түйткілді мәселелері мен перспективалық бағыттарын көтерді. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.

Ол диагностиканың заманауи әдісін жүргізуді қажет ететін онкологиясы бар пациенттердің саны артып келе жатқанын атап өтті.

Қазір Қазақстанда 4 позитронды-эмиссиялық томограф (ПЭТ-орталық) жұмыс жасайды: Нұр – Сұлтан қаласында – 2, Алматыда – 1 және Семейде - 1.

Премьер-Министрдің орынбасары онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспардың «тиімділігі жоғары ерте диагностика» бағыты аясында алдағы 2 жылда зерттеудің инновациялық әдістері үшін Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында тағы 4 ПЭТ-орталық ашу жоспарланғанын атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов ПЭТ-орталықтар желісін кеңейту арқылы отандық ядролық медицинаны дамытудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ, МЖӘ шеңберінде ынтымақтастыққа мүдделі жауапты мемлекеттік компаниялар қатарынан ведомствоаралық жұмыс тобын құруды жүктеді.