Украинада қалып кеткен ҚР азаматтары Алматыға эвакуацияланады - СІМ

Украинада қалып кеткен ҚР азаматтары Алматыға эвакуацияланады - СІМ
Cурет: invest.gov.kz

СІМ-де «шұғыл байланыс желісі» ашылды

ҚР Сыртқы істер министрлігі өзін Украинадан эвакуациялауды сұрап, 528 қазақстандық өтініш түсірген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Украинадағы ҚР азаматтарының өтініштері бойынша Қазақстанның Киевтегі елшілігінде, сондай-ақ ҚР СІМ-де "шұғыл байланыс желісі " ашылды. Сондай-ақ, Днепр, Львов, Одесса және Харьков қалаларындағы ҚР құрметті консулдары да бұл мәселеге атсалысып жатыр. Бұл кешенді жұмысқа Польшадағы, Молдовадағы және Беларусьтегі қазақстандық мекемелер де жұмылдырылып жатыр.

Ел басшылығы біздің азаматтар үшін репатриациялық рейстерді өтеусіз негізде ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

«Бүгінгі күндері өзін эвакуациялауды сұраған 528 өтініш келіп түсті. ҚР азаматтары, негізінен Киев қаласында және Киев облысында – 264 адам, Одесса облысында – 30, Харьков облысында – 18, Львов облысында – 17, Днепропетровск облысында – 13, Полтава облысында – жеті, Черкасская – төрт, Луганск облысында – екі, Ивано-Франковск облысында – екі, Житомир облысында – екі және басқа өңірлерде қалып отыр. Қазіргі уақытта Киев және Львов қалаларынан поляк шекарасына қарай қазақстандық дипломаттармен бірге біздің азаматтар автокөлікпен шықты. Ол жақта да дипломаттарымыз күтіп алып, қазақстандықтарды Катовице қаласының әуежайына жеткізеді. Репатриациялық рейстегі отандастарымыз шекарадан визасыз өтеді әрі ПТР-тест тапсырып, вакцина төлқұжатын көрсетіп жатпайды»,-делінген СІМ таратқан хабарламада.

Алғашқы рейс бүгін таңертеңге жоспарланған. Польшаның Катовице қаласынан ұшатын ұшақ алдымен Атырауға жетіп, одан әрі Алматыға барады. Бұдан кейін де репатрациялық рейстер болады.

Сыртқы істер министрілігі Украинадағы қазақстандықтардың Киевтегі елшілікке хабарласуын ескертеді.

«Мүмкіндік болса, жер-жердегі азаматтарымыз өз күштерімен Львов немесе Киев қаласына жеткені жөн. Одан әрі Польшаға аттануға көмек беріледі. Ал жолға шығу қауіпті болса, елшілікпен хабарласып отырғандары жөн. Бұл үшін жедел желі жұмыс істеп тұр»,-делінген СІМ таратқан хабарламада.