Уағызды кімдер айтып жүр?

Уағызды кімдер айтып жүр?
gov.kz

Атырауда «Ислам экстремизмге қарсы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті

Конференцияға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазрет, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы және Өзбекстан, Түркия, Сирия, Қырғызтан, Дағыстаннан келген ресми өкілдер қатысты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Жиында Нұрлыбек Жеңісбекұлы халық жат ағымның жетегіне ермеу үшін дәстүрлі дініміз туралы уағыздарды тек білімді дін мамандары айту қажеттігін атап өтті.

-Біз зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз. Осы орайда діни сауатты болу маңызды. Оның деңгейін көтеру үшін алдымен тарихымызды жақсы білу керек. Абайдың қара сөздерін жетік білетін иісі қазақ баласы Құранның да философиясын терең түсінгені жөн. Абыз ақынның әр өлеңі мен қара сөзі сүйікті пайғамбар Мұхаммедтен (с.ғ.с) жеткен хадистермен үндесіп жатыр. Адамды ізгілікке, көркем мінезге баулиды. Дәстүрінен жаңылмаған бабалар жолымен жүрсек, біз де діннен адаспаймыз. Қазір діннің сан түрлі траформацияға түсіп жатқаны жасырын емес. Асыл дініміз эволюцияға ұшыраған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осы ретте, дәстүр мен діннің насихатын білікті мамандар мен өз ісінің білікті білгірлері жүргізу керек. Әр насихатты халықтың сана биігінде ұғынатындай етіп ұғындыру абзал. Біз Аллаға, Отанға деген махаббатты алға қоятын халықпыз. Бірлік пен татулықты ту еткен елдің ұрпағымыз. Осыдан жаңылмайық,-деді Н.Жеңісбекұлы.

Өз кезегінде Бас мүфти теріс ағымда жүргендерді оңалту үшін мүфтият тарапынан бірқатар акция өтіп, нәтижесінде 1265 адамға оң ықпал жасалғанын айтты. Ал жауапты діни оңалту субъектілердің бірлескен қорытындысы бойынша 285 адам оңалып, деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартқан.

-Деструктивті ағымдар қоғамға іріткі салып, отбасылық құндылықтар мен адам денсаулығына қауіп төндіреді. Олар қазақ ұлтының және еліміздегі басқа ұлттардың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне қарсы шығады. Жат ағымның жетегінде кеткендердің ұстанымынан осы аталғандарды байқаймыз. Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. 2020 жылы біз «Діни оңалту» бөлімін аштық. Құдайға шүкір, деструктивті діни идеология шырмауынан толық бас тартып жатқандар баршылық. Нақты айтар болсақ, мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары өткен жылы 11 092 жеке ықпал ету акциясын, яғни жеке кездесулерді жүзеге асырды,-деді Н.Тағанұлы.

Алқалы жиын соңында ислам дінінің қазақ даласына келу тарихы, оның халқымыздың әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүріндегі алар орны, бабалар ұстанған шариғат парыздары, мұсылмандық әдеп-жоралғылар туралы жазылған «Бабалар ізімен» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Анықтама үшін: Өткен жылы Атырау облысында діни теріс ағымда жүрген 133 тұлға дәстүрлі дінге бет бұрып, оңалды.