Түрксіб ауданында қандай демалыс орындары абаттандырылды?

Түрксіб ауданында қандай демалыс орындары абаттандырылды?
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Әуежай алаңындағы фонтан, Молдағалиев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы және оқушылар үйінің жанындағы саябақ

ӨКҚ брифингінде Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров ауданды абаттандыру және қолайлы орта құру жұмыстары туралы баяндады. Бірқатар нысандар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша  жүзеге асырылуда.

«Ауданды абаттандыру аясында биыл Молдағалиев пен Чехов көшелерінің бойында жаяу жүргіншілер және серуендеу аймағы аяқталып, №6 оқушылар үйінің жанындағы саябақ қайта жаңартылды. Бұл жобалар Сауранбаев көшесінің бойында бұрын жасалған серуендеу аймағының жалғасы болды», - деді аудан әкімі Б.Ақжаров.

Сонымен қатар, Әуежай алаңына фонтан және суару жүйесі орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жаңартылды. Сондай-ақ, экология және қоршаған ортаны қорғау департаментімен абаттандыру бойынша мынандай жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде:

- скандинавиялық жүруге арналған эко-жолдары бар "Баум" тоғайын абаттандыру, шағын архитектуралық пішіндерді орнату;
- "Үлкен Алматы" каналына рекреациялық және жағажай аймақтарын жайластыра отырып жаяу жүргіншілер көпірлерін жаңарту;
- "Кіші Алматы" өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер-серуендеу аймағын абаттандыру.

Жобаларды іске асыру 2024 жылдың екінші тоқсанында басталады.

«Түрксіб ауданы 688 мыңнан астам ағашы бар қаланың ең жасыл аудандарының бірі болып саналады. Жыл сайын аумақты көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тек 2020-2022 жылдар аралығында 12 мың жас ағаш отырғызылды, осы жылдың күзінде тағы 28 мың ағаш отырғызу жоспарлануда», - деп бөлісті аудан әкімі.

Ауданда 12 мыңға жуық апатты ағаш болса, оның ішінде биыл 2,5 мыңы кесіледі. Аудан әкімдігі алдағы 5 жылда барлық апатты ағаштардан толықтай құтылуды жоспарлап отыр.

Б.Ақжаров өз сөзінде ауданда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатқанын да атап өтті.

«Биыл бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, 78 жобаны жүзеге асыру үшін Түрксіб ауданы үшін бөлінген қаражат сомасы 1,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды», - деді ол.

Бүгінгі таңда 65 жоба аяқталды, оның 33-і аулаларды жарықтандыру бойынша; 20 - балалар ойын алаңдарын салуға; 11 - тереңдетілген қоқыс контейнерлерін орнатуға; 14 - жаяу жүргіншілер көпірлерін жөндеуге арналған. 2023 жылдың 20 желтоқсанына дейін тағы 13 жоба аяқталады деп күтілуде.