Алматы оқушылары PISA халықаралық зерттеуі бойынша көш бастап тұр

Алматы оқушылары PISA халықаралық зерттеуі бойынша көш бастап тұр
Сурет: Алматьы қаласы әкімдігі

Қазақстан PISA-2022 халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша математика және жаратылыстану ғылымдарынан топ 50 елдің қатарына енді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz ҚР Білім министрлігіне сілтеме жасап. Еліміздің білім рейтингін арттыруға Алматы қаласы үлкен үлес қосқаны қуантады.

PISA зерттеуінің жаһандық рейтингі - білім сапасын бағалаудың маңызды халықаралық жүйелерінің бірі. ҚР Білім министрлігінің мәліметінше, оқушылар 81 елдің ішінде математикадан 46 орын, оқудан 61 орын, жаратылыстану пәні бойынша 49 орынды иеленді.

Бұл ретте, Алматы қаласы оқушыларының барлық ұлттық және халықаралық рейтингтер бойынша көрсеткіштері еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда тұрақты жоғары болып қалуда. PISA-2022 зерттеуінің нәтижелері бойынша ел бөлінісінде Алматы қаласы «математикалық сауаттылық» және «жаратылыстану сауаттылығы» бағыттары бойынша бірінші орынға ие болды.

Мәселен, математикалық сауаттылық бойынша Алматы қаласының орташа балы– 453 құрады, бұл ел бойынша орташа баллдан (425 балл) жоғары.

Ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы бойынша Алматы қаласының орташа балы – 458, ел бойынша орташа баллдан (423 балл) асып түсті.

Сонымен қатар, оқу сауаттылығы саласында Алматының орташа балы 423-ті құрады, бұл ел бойынша орташа балдан да жоғары (386 балл). Оқу сауаттылығы бойынша Алматы қаласы ел бойынша жалпы рейтингте 3 орынға ие болды.

Қорыта келе, Алматы PISA-2022 халықаралық зерттеуінің математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бағыттары бойынша көшбасшы орынға ие болып, қаламыздың білім беру жүйесінің үлкен жетістігін көрсетеді.