Қазақстан Парламентінің мүшелері жаңа топ құрғанын мәлімдеді

Қазақстан Парламентінің мүшелері жаңа топ құрғанын мәлімдеді
Сурет: Gov.kz

«Жаңа Қазақстан» тобы құрылатын болды.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құрылатынын жария етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат cілтеме жасап.

Мұндай бастама көтерген Парламент депутаттарының пікірінше, Мемлекет басшысының бастамаларын бірауыздан қолдау қажет.

«Президентіміздің Қазақстанды жаңартамын, дұрыс арнаға бұрамын деген ақ ниеті бар. Ал біз ел болып оны бірауыздан қолдауымыз қажет! Өздеріңізге мәлім, қаңтардың 11 жұлдызында Президент Парламент Мәжілісінің және кешегі Үкіметтің отырысында елімізде атқарылатын біраз маңызды мәселелерді айқындап, нақты міндеттерді қойды. Жалпы, қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен Парламент қызметінде орын алып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт», - деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Мәжілістің бірқатар депутаты жаңа бастамаға қолдау білдірген.

«Сондықтан Парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және Президенттің тапсырмаларын Мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құруды ресми түрде жариялаймыз! «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешіуге қызмет етеді. Үкіметпен бірлесіп, халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан әрі тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі. «Жаңа Қазақстан» депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз. Қазақта «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар! Жаңа Қазақстанның жүгін ұлыс болып бірге көтерейік! Президент бастаған реформаларды саботажға жібермей, аяғына дейін жеткізейік! Баршаңызды лдің іргесін нығайтуға шақырамыз!» - деді Еділ Жаңбыршин.