Тіленіп ат сұрамаса...

Тіленіп ат сұрамаса...
Сурет: ашық дереккөз

Қырғызстан Президенті Садыр Жаппаров қазақ ақынына ат мінгізді деген қуанышты хабар ел ішінде тарады. 

Бүгін осыған қатысты айтыс ақындары мен жыршы - термешілер одағы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтаев әлеуметтік желі арқылы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

- Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді.  Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Мәселе бұл жігіттің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп тек қуанар едік.

Қырғыз бауырлардың ыстық пейіліне рақмет! Бірақ, кім көрінгенді көшеден тауып алып, қазақ елінің ақыны деп  ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы - термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде  мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде ҚЫРҒЫЗ БАУЫРЛАР екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумдағы ережені сақтауды, біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруларын сұраймыз.  

Құстың қос қанатындай бауырлас елдің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырласын. 
Біржан бауырымыз елге жеткесін халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын, -деп жазды ол.

Белгілі айтыс ақынының жазбасына қатысты екі түрлі пікір өрбіді. Ал «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов әріптесінің пікірін қолдады.

Бергісі келсе береді ғой, Қырғыз елі мәрттіктен кенде емес. Бірақ білдей бір халықтың атынан барып «маған ат мінгізсеңіз, жаяу келіп едім, жаяу қайтамын ба?» деп жалын төсеп, жалынып сұрап алу ұят меніңше. Негізі Шымкентте үлкен аламандарға қосылмаса да талабын сынап жүрген жас ақындар да көп. Алған аты құтты болсын, Алла куә оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ мынадай бір елдің атынан барып , бұлай әрекет жасау расында томпақтау кішкене, -деп жазды ол.
Белгілі айтыскер ақынның мәлімдемесіне Қырғыз елінің жыршысы Азиз Бимырзаұлы да пікір білдіріпті.
Ассалоому алейкум Аманжол ага. Ден-соолук, иштериңиз жакшыбы? Күүлүү, демдүү турасызбы?
Ага, Дүйнөлүк Көк-Бөрү чемпионаты расмий башталган күнү кыргыздын эки акыны жар салып ырдамак болду, үч манасчы дагы өнөр тартууладык. Ошол жерден Казакстандан жагы акын келиптир, кошулуп ырдайт деген маалыматты уктук. Ким экен, ким келиптир? Биз тааныгандардан бекен дегенче болбой эле сахнага чыга келди.
... Ырдашты. Пульттан көрүштүк. Ой ага, кай жактын акынысыз, кимсиз десек, Түркстан облусунан деди, Бекарыс, Нурлан, Бөрүбай агаларды тааныйт экен. Толук таанышып бүткөнчө эле Президентибиздин атынан Бишкекте аргымак күтүп жаткандыгын жар салышты. Куттуктап алып тарап кеттик.
Ырас, айтыштарга майда көздүү электен өткөрүп анан чакырып жатабыз, спорттук оюндарга кийлигише албадык ага. Буюрса, Кыргыз улуттук «Манас» театры менен Одактын максаттуу кызматташуусу өз бийиктигин көрсөтөт деп ишенем. Ийгилик каалайм ага.