Елімізде биыл 20 млн теңгенің жол белгілері ұрланыпты

Елімізде биыл 20 млн теңгенің жол белгілері ұрланыпты
Сурет: Іnbusiness.kz

Қазавтожол мамандарының айтуынша, ол темірден күрек пен қазанның қақпағы жасалады екен.

Қазақстанның республикалық маңыздағы күре жолдарында жыл басынан бері шамамен 20 млн теңгенің жол инфрақұрылымы элементтері ұрланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жол бойынан көбінесе жол белгілері, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлы қоршаулар, катафоттар мен стробоскоптар ұрланады. Белгісіз адамдар жарық бағыттайтын екі үлкен трансформаторды ұрлаған жағдайлар да тіркелген.

"Ұрланған жол инфрақұрылымы элементтері көбінесе тұрмыстық мақсаттарда қолданылады: төртбұрышты жол белгілерінен күректер, дөңгелек пішінді жол белгілерінен табалар мен қазандарға арналған қақпақтар жасап алады. Ал үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлардан үй қоршаулары жасалса, жарықдиодты катафоттар велосипедтерге бекітіледі екен", - дейді ведомство.

Десе де, ұрлық біртіндеп азайып келеді дейді Қазавтожол мамандары.

"Өткен жылдармен салыстырғанда жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау фактілері азайып келеді. Мәселен, салыстырмалы түрде, 2021 жылы бұл шығын 60 миллион теңгеден асқан болатын", - дейді жол мамандары.

Биыл жолшылар 8 мыңға жуық жаңа жол белгілерін, 19 мың дана катафот, 3,5 мың шаршы метр шу жолақтарын және 10 мың сигнал бағанасын орнатты. Сонымен қатар мамандар 9,7 мың қума метр тосқауыл қоршауларын жабдықтап, 23 мың шақырымнан астам жолда таңба сызығын жаңартты.

179 автопавильон және демалыс алаңдарын жөндеді. Жол қозғалысы ережелерін сақтап, жол қауіпсіздігін насихаттау мақсатымен республикалық автотрассалардың бойында 300-ден астам жаңа ақпараттық панно орнатылды.