Зергерлік бұйымдарды сынамасыз сатуға бола ма?

Зергерлік бұйымдарды сынамасыз сатуға бола ма?
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Зергерлік бұйымдарды сатушылар тиісті таңбалар болмаған жағдайда қандай жауапкершілік көзделген? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қабылбеков айтып берді.

Бұған дейін спикер өз сөзінде Департаментпен субъектіге (объектіге) бармай-ақ 509 профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізілгенін, оның нәтижелері бойынша барлық жағдайларда заңнаманы бұзу фактілері анықталғанын атап өтті.

«Бекітілген стандарт бойынша алтын бағалы металдарда барыс басының белгісі мен Қазақстанның халықаралық аббревиатурасы - KZ болуы тиіс. Осы стандартты бұзудың нақты фактілері кезінде Департамент бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды сатушыларға қатысты жоспардан тыс тексерулер ашады», - деді Қ.Қабылбеков.

Осылайша, Департамент қызметкерлері растайтын материалдармен бұзушылықтардың дәлелді және нақты фактілерін анықтаған кезде алтын бұйымды өткізушіге қатысты жоспардан тыс тиісті тексеру тағайындалады және фактілер расталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады. Айыппұлдардың мөлшері келесідей:

- жеке тұлғаларға - елу АЕК мөлшерінде; 
– лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - сексен АЕК мөлшерінде;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жүз АЕК мөлшерінде; 
– ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

«Сондай-ақ, сатушыға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Яғни, сатушы өз өнімінің ҚҚ талаптарына сәйкес келетіндігі туралы акт алуы керек, содан кейін барыстың басы түріндегі сынамалық таңбамен таңбалауды жүргізуі керек», - деп түсіндірді спикер.

Атап өткендей, бұзушылықтар жойылғаннан кейін бұл өнім қайтадан сатылымға түсуі мүмкін.