Сапасыз аударма балалардың бағын қашанғы байлайды?..

Сапасыз аударма балалардың бағын қашанғы байлайды?..
almaty-akshamy.kz

ҚР Оқу-ағарту министрінің назарына!


Елімізде оқушылардың білім сапасын сараптайтын «Мектептерге арналған  PISA» зерттеуі басталды. 15-желтоқсанға дейін жалғасатын бұл зерттеуге қазақстандық 1000 білім мекемесінен 15 жастағы 54 мыңнан астам оқушы қатысады. Оның барысында шәкірттердің оқу үлгерімі мен жетістіктері сараланады.

Зерттеу дәстүрлі PISA сауалнамасының әдістемесіне негізделген және мектептің білім берудегі жетістіктерін жан-жақты көрсете отырып, оқу, математика және жаратылыстану сияқты негізгі функционалдық сауаттылық дағдыларын бағалайды.

3 жыл сайын өтетін халықаралық негізгі PISA-дан айырмашылығы – «Мектептерге арналған PISA» жыл сайын өткізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасының басшысы Динара Әбілқанованың айтуынша, аталған зерттеу жеке алғандағы әрбір мектептің нәтижесін талдау арқылы жетілдіруге тиісті нақты салаларды анықтауға мүмкіндік береді. Мектеп әкімшілігі анализ қорытындысын білім сапасын жақсарту тұрғысындағы бағдарламалар мен стратегияларды әзірлеуге пайдаланады.

Көпшілікке түсінікті болуы үшін осы арада білім жүйесін бағалаудың сыртқы нормаларына тоқтала кетейік. Оның бірінші жолы – оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (МОДО). Оқу-ағарту министрілігінің мәліметінше, биыл МОДО-ға еліміздің 1471 мектебінің 4-9 сыныбы бойынша 50 мыңнан астам оқушы қатысқан және Астананың барлық мектебі қамтылған. Өкінішке қарай, нәтиже өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болған.

Білім сапасын бағалаудың халықаралық тағы бір жолы – PISA-ға келетін болсақ, мұнда да ауыз толтырып айтар жетістік шамалы. Аталған зерттеуге қатысу барысында соңғы 9 жылда елеулі өзгеріс байқалмағаны, әсіресе, балалардың жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша нәтижелері төмен екені баспасөз бетінде айтылып та, жазылып та жүр.

Жалпы, халықаралық МОДО, PISA зерттеу нәтижелері мен мектептердің білім беру сапасындағы айырмашылық жер мен көктей екені жасырын емес. Бұл ретте, республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы айтпақшы, білім басқармалары мектептерді өтірік сапа жасауға итермелеуді доғаруға тиіс екендігі даусыз.

Сонымен қатар, Аятжан Ахметжанұлы білім сапасына қатысты халықаралық зерттеулерге байланысты туындайтын тілдік мәселені де өзекті деп есептейді. МОДО, PISA сұрақтарының басым бөлігі, тіпті 100% өзге тілде дайындалып, сосын қазақ тіліне аударылатынына қынжылған ол: «Екеуінің де қазақшасы адам түсінетіндей деңгейде емес. Осыдан келіп, қазақ мектептеріндегі білім сапасыз деген түсінік қалыптасады. Бірақ қазақ және орыс мектептерінің ҰБТ нәтижелеріне қарасақ, жағдай керісінше. Сондықтан тіл мәселесінде нақты тілдік қолданысты, тілдік сауаттылықты дұрыс қолданып, сапалы аударма мәселесін қарастыру керек деп ойлаймын. Мұнда диалектік, google және яндекс аударманы қолдануға болмайды», – дейді.  

Демек осы арада қазақ мектептері оқушыларының халықаралық тесттерде жақсы нәтиже көрсетуіне аударма сапасы кедергі болып жүргені байқалады. Мектепті былай қойғанда, тіпті бакалавр бітіріп, магистратураға түсуге тест тапсырған бірнеше талапкер қазақша мәтінді түсінбеуі салдарынан нәтижесі төмен болып қалғанын айтқаны бар.

Жақында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Рауан Кенжеханұлы да өзінің бір сұхбатында қазақ тілінде білім алып жүрген балалардың 64 %-ы оқыған мәтінін түсінбейтінін, яғни оқыған дүниесінің негізінде ой  қорытып, не ауызша, не жазбаша жеткізе алмайтынын айтыпты.

Бұл мәселе соңғы уақытта әлеуметтік желіде де жиі көтеріліп жүр. PISA тестін қазақ тілінде тапсырған әр 5 оқушының 3-еуі қазақша мәтінді түсінбегені белгілі медиатренер, журналист Асхат Еркімбайды да ойлантқан. Сөйтіп, ол тиісті сайтқа кіріп, тест мәтінін көрген және оның қай тілден аударылғанын ұғу қиынға соққан. «Шамасы, ағылшыншасын әуелі орысшаға аударып, сосын орысшасын қазақшалаған тәрізді. Қазақ тілінде тест тапсырған оқушылардың үлгерімінің төмен болуына осы аударманы жасаған әрі оны қабылдап алғандардың да себебі болар деген ой келді», – дейді Асхат Еркімбай.

Аударма сапасының қаншалықты маңызды екендігі және талапкер өрендердің білім деңгейін жан-жақты бағалаудағы оның айтарлықтай үлес, салмағы осыдан-ақ көрініп тұр. Ендеше Асхат Еркімбай айтпақшы, елімізде аударма сапасын бағалайтын қандай ұйым бар?! Бұл саладағы жұмыс қаншалықты жүйеленген?! Халықаралық тесттерді қазақ тіліне кімдер аударып жүр?!

Дегенде, әсіресе осы білім саласында аударма мәселесіне жеткілікті мән беріп жүрмегеніміз ащы да болса ақиқат. Әйтпесе жоғарыдағыдай мәселе туындар ма еді?! Бұлай бола берсе берісі – ана тілінде білім алуға талпынатын жастар қатары сирейді, әрісі – қазақ тілі ғылым, білім тіліне айналудан қалады.

Біраз жыл бұрын елімізде Ұлттық Аударма бюросы құрылып, жүйелі жұмыс істеле бастаған сыңайлы еді. Алайда 100 оқулық аударылып бітісімен, аталған бюроның да жұмысы қожырап, аяғы сұйылып кетті. Негізі, осы ұйымды қоғамдық негізде емес, ресми тұрғыда жұмыс істейтін мекемеге айналдырып, білім саласындағы бүкіл аударма ісінің жауапкершілігін жүктегенде талай түйткіл шешілер ме еді?..

Ал әзірге... жоғарыда айтқанымыздай, дәл қазіргі таңда елімізде «Мектептерге арналған  PISA» зерттеуі жүріп жатыр. Бұл – 3 жылда бір өтетін халықаралық зерттеу алдындағы дайындық есебінде десек те болады. Алда үлкен сындар бар. Еліміздегі оқу-ағарту саласына жауапты министрлік өкілдерінің осы тарапта ойланғаны жөн болар.