Алматыда заңсыз ойын бизнесінің жолы қалай кесіледі

Алматыда заңсыз ойын бизнесінің жолы қалай кесіледі

ӨКҚ алаңында Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Спикерлер келтірген мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері ойын бизнесі саласында сотқа дейінгі 12 өндіріс тіркелген. Үш ойын залының, бір букмекерлік кеңсенің және төрт жасырын казиноның қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Сонымен қатар, 94 компьютерлік техника заңсыз айналымнан алынды, сот үкімі бойынша 500-ден астам ойын терминалы жойылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «ТикТок» әлеуметтік желісінде заңсыз құмар ойындарды ұйымдастырушылардың қызметі тоқтатылды.  

Мемлекеттік органда ойынға тәуелділіктің құрбандары көбінесе жастар екендігі, ал заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің нәтижесі көбінесе тұрғындардың санасына байланысты екендігі атап өтілген.

«Оңай»  ақшаны лезде ұтып аламын деген үмітпен адамдар көбінесе казино мен автоматтарға тапқан табысы мен барын қалдырады. Жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, анықталған жасырын казинолар мен ойын мекемелеріне негізгі келушілер жастар болып отыр.  Заңсыз ойын бизнесі мемлекеттік бюджетке ешқандай пайдасы жоқ және сонымен бірге қала тұрғындарының да қалтасын қағады. Халықтың құмар ойындардан бас тартуы қаскүнемдерді заңсыз табыстарынан айырады», - деді  Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы Сәкен Қондыбаев.

Жедел-тергеу іс - шаралары барысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың екі фактісі анықталды, атап айтқанда, ставкаларды қабылдау, банктік аударымдар арқылы ұтыстарды есептеу және беру функцияларын қолдайтын онлайн құмар ойындар. Ұйымдастырушылар 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сонымен қатар, қаланың екі тұрғыны заңсыз ойын бизнесі саласындағы осындай құқық бұзушылықтар үшін 1,6 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.

«Бүгінгі таңда казинолар мен ойын автоматтары залдары тек Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында орналастырылуы тиіс. Осылайша, аталған аумақтардан тыс жұмыс істейтін барлық ойын мекемелері өз қызметін заңсыз жүзеге асырады», - деп ескертті ол.

Мемлекеттік органның өкілі сондай-ақ заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жұртшылықпен бірлескен күш-жігермен, оның ішінде профилактикалық іс-шаралар жүргізу арқылы көрсетілуі қажет екенін атап өтті. 

Осылайша, Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментінде кәсіпкерлерді, қоғамдық ұйымдардың, блогерлер мен БАҚ өкілдерін заңсыз ойын бизнесімен күреске қосылуға шақырады.