Сән-салтанаты үшін бай-бағландар қанша салық төлеп жүр?

Сән-салтанаты үшін бай-бағландар қанша салық төлеп жүр?
Сурет: Aa.com.tr

Қазақстан азаматтарының меншігінде 490-нан астам яхта бар.

Мұндай деректі Сенат депутаты Бекболат Орынбеков келтірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Сенатордың айтуынша, сән-салтанат салығы мәселесі жаңа Салық кодексінде 3 бағыт бойынша байланысқан.

«Оның біріншісі – жылжымайтын мүлік. Жаңа ғана айтқанымдай, шамамен еліміздің 3,8 млн тұрғынында 6,8 млн жылжымайтын мүлік нысаны бар. Екінші мәселе – «сән-салтанат» мәселесі. Көлік бойынша айтсақ, құны 50 млн теңгеден асатын көліктерге прогрессивті шкала белгіленуі мүмкін. Бізде Қазақстан Республикасы азаматтарының меншігінде деп саналатын 490-нан астам яхта бар. Үшінші бағыт арақ-шарап өнімдерімен байланысты», - деді сенатор.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің дерегінше, елімізде жеке яхтасы мен ұшағы бар адамдар бар-жоғы 13 мың теңге салық төлейді.

«Бізде меншігінде ұшақтар мен яхталары бар салық төлеушілер бар. Олардың салығын да қарап жатырмыз. Былайша қарасақ, бір нысан үшін төленген сома шамамен 13 мың теңге ғана. Бұл жерде, әрине, бірнеше есе көтеру керек. Ахуалды түзеу керек. Яғни, яхталар мен ұшақтардың көлік салығын ұлғайтамыз», - деді министрдің орынбасары.