Ресей азаматтығын алу жеңілдейді

Ресей азаматтығын алу жеңілдейді
Сурет:Рnp.ru

Елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған.

Ресей президенті Владимир Путиннің Беларусь, Қазақстан және Молдова азаматтарын Ресей азаматтығына қабылдау туралы жарлығы Ресей төлқұжатын алуды жеңілдетеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ресми ресейлік құқықтық ақпарат интернет-порталында жарияланған жарлыққа сәйкес, 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары Ресей азаматтығын келесі талаптарды орындамай-ақ ала алады:

тұруға рұқсат берілген күннен бастап Ресей Федерациясында тұрақты тұру;

Ресей тарихын және Ресей заңнамасының негіздерін білу.

Дегенмен, қазақстандықтар әлі де орыс тілін меңгергенін дәлелдеу керек болады. Ресей төлқұжатын алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары тиісті өтінішті, тұруға рұқсатты, ұлттық төлқұжатты және орыс тілін білуін растайтын құжатты көрсетуі қажет.

Дәл осындай талаптар Молдова азаматтарына да қатысты болады. Беларусь азаматтары үшін орыс тілін білуін растау талабы қосымша алынып тасталды.

"Коммерсант" 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 13 876 қазақстандық Ресей азаматтығын алғанын хабарлайды. Жалпы қаңтардан қазанға дейін Ресей азаматтығын алған шетелдіктер саны 46%-ға азайған.

2023 жылдың басында Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасында қазақстандықтар үшін Ресей азаматтығын алуды жеңілдету мәселесі талқыланды.