Отбасына зорлық көрсетушінің портреті жасалды

Отбасына зорлық көрсетушінің портреті жасалды
Сурет: Тranslate.google.com

Елімізде биыл отбасылық-тұрмысқа қатысты 668 қылмыс тіркелген.

Бұл туралы мәлімдеген Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жағдайға ер адамдар себеп болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ІІМ мәліметінше, 80 пайыз жағдайда ер адам отбасылық жанжалға себепкер саналады. Әдетте, олардың жасы 30-дан 50 жасқа дейінгі (52 пайыз) аралықта.

«Оның 74 пайызында тұрақты жұмыс орны, ал 90 пайызында кәсіби және жоғары білімі жоқ. 78 пайыз жағдайда жәбірленушілер - әйелдер. Көбіне олар зорлықшыға материалдық және психологиялық жағынан тәуелді болады. Ұзақ жыл бойы қорлау мен қорқытуға шыдап жүреді. Балалар да зардап шегеді. Олар - қатыгез көріністердің куәсі», - деді ІІМ өкілі.

Ведомство мәліметінше, ДДСҰ деректері бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасөспірімдердің психикасына, рухани және эмоционалдық дамуына кері әсер етеді. Олар кейін есейе келе, отбасынан көргенін құрдастарына және басқаларға көрсетеді.