«Отбасы банк» клиенттерінің жеке деректері жарияланып кеткені рас па?

«Отбасы банк» клиенттерінің жеке деректері жарияланып кеткені рас па?
123ru.net

Желіде «Отбасы банк» клиенттерінің жеке деректері жарияланды және банктің IT жүйесінде іркіліс болды деген ақпарат тараған еді. Осыған орай мекеменің баспасөз қызметі түсінік берді.

«Банкте клиенттердің жеке деректерінің сақталуы - алғышарт. Біз жеке деректерді және ақпаратты қорғау саласындағы заңнаманың бүкіл талаптары мен нормаларын қатаң сақтаймыз. Сәйкесінше, Отбасы банкіндегі деректердің сыртқа жарияланып кеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды Сондай-ақ, банкте IT жобалар жұмысында іркіліс болған жоқ. Банк қалыпты жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта «Отбасы банк» АҚ 2023 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асырып жатыр», - делінген ресми түсініктемеде.

Стратегияның мақсаты - банк қызметінде алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу және автоматтандыру арқылы клиенттерге қызмет көрсету операцияларын 100% онлайн режимге көшіру.

«Кез келген тексерудің қорытындысы бойынша акт жасалады. Сондай-ақ, оны орындау бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, оны орындау барысы қадағаланады. Тексеру нәтижесі бойынша жекелеген тапсырмаларды орындамаған жағдайда қызметтің жекелеген салаларына жетекшілік ететін банк қызметкерлеріне тәртіптік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін»,- дейді банктен.

Хабарламада айтылғандай, тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешімді банктің директорлар кеңесі қабылдайды.

Сондай-ақ, аталған банк қазір «Аудиторлық бақылау туралы» заңды іске асыру бойынша іс-шаралардың орындалып жатқанын хабарлап отыр.