Жаңа ғимаратта – жаңа тыныс

Жаңа ғимаратта – жаңа тыныс
Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

Бүгінде ревматологиялық аурулар әлемді алаңдатып отыр. Оның үстіне, кешегі COVID-19 салдары бұл дертті тіпті өршітіп жіберген деп отыр мамандар. Біздегі ахуал да мәз емес. ҰҒДСДО-ның ресми мәліметіне сүйенсек, Алматыда ревматологиялық ауруға шалдыққан 118 мыңнан астам адам тіркелген.

Кейінгі он жылда бұл дертпен ауырғандар саны 31%-ға көбейген. Оның ішінде науқастардың 65%-ы еңбекке қабілетті жастағы (18-ден 59-ға дейін) адамдар; емделген жандардың 37%-ы ауруына байланысты мүгедектер; 78%-ы әйелдер және олардың орташа жасы 48 жас, яғни бала туатын жастағы әйелдер осы ауруға көбірек бейім. Жалпы, ревматологиялық аурулар да дұрыс емделмесе мүгедектікке әкеледі. Сондықтан бұл мәселеге жіті назар аударған қала басшылығы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қалалық ревматология орталығын» кең де үлкен ғимаратқа көшірді.

Бұрын аталған орталық  Әйтеке би көшесінде ескі ғимаратта орналасқан болатын. Ондағы тәулік бойы жұмыс істейтін 65 стационарлық төсек пен күндізгі стационардағы 10 төсек-орын тұрғындарға дер кезінде ревматологиялық көмек көрсетуге қауқарсыз еді. Ал бұл ахуал өз кезегінде ауруханаға жатып ем-дом қабылдауға тиіс пациенттердің кезегін тым ұзартып жіберген.

Ерболат Досаев Алматы қаласына әкім болып келген кезде шаһар тіршілігімен жақын танысу үшін аралауға шыққан алғашқы күні-ақ осы Ревматология орталығының мүшкіл жай-күйін көріп, бірден назарға алып, оны қала активінің алдына шығарып, аурухана аумағын ұлғайту туралы шешім қабылдады.

«Ерболат Асқарбекұлының біздің мәселеге көңіл аударып, оны бірден күн тәртібіне шығарып, ауқымды нысан бөлгеніне шексіз ризамыз. Қазір көшіп келген ғимаратымыздың жалпы ауданы 4738,1 ш.м. Бұл бізге тәулік бойы жұмыс істейтін ауруханаға 120 төсек-орын қоюға, ал күндізгі стационарды 20 төсекке дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ал ең бастысы – кешенді мамандандырылған ревматологиялық көмекке аса мұқтаж пациенттерімізге дер шағында және сапалы медициналық көмек көрсетуге қол жеткіздік», – дейді Алматы қаласы Ревматология орталығының директоры, медицина ғылымының кандидаты Анар Күлембаева.

Алматылық ревматолог-мамандар жаңа мекенжайға көшуді биылғы наурызда бастап, мамырдың соңына қарай толықтай орнықты. Еңселі ғимарат іші жап-жарық, есік-терезесіне дейін жаңаланған клиникада бүгінде жұмыс қайнап жатыр. Ревматология орталығы – республикадағы Алматы қаласы мен еліміздің барлық аймағынан келетін науқастарға мамандандырылған ревматологиялық көмек көрсететін жалғыз монопрофильді медициналық ұйым. Мұнда консультативті-диагностикалық, жоспарлы стационарлық медициналық және зертханалық көмек көрсетіледі. Орталықта 5 құрылымдық бөлімше жұмыс істейді. Бәрі заманауи аппараттармен жабдықталған.

Істің көзін білетін Анаркүл Бәкірқызының жетекшілігімен орталыққа бірқатар тың жаңалық енгізіліп, қызметкерлердің деңгейін де, ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуді де жақсартуға бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылды. Мәселен, орталықта жүкті әйелдердің ішкі тізілімі (регистрі) құрылды. Олар босанғанға дейін және қол-аяғын бауырына алғаннан кейін 42 күн мамандардың жіті бақылауында болады. Пациенттің ұялы телефонына ревматолог-дәрігерге енді қай шамада бару керектігін есіне салып қоятын СМС-хабарлама келеді. Сондай-ақ, жүкті әйелдің қалалық ревматология орталығына әр келгені де міндетті түрде тіркеліп отырады. Бұл әйелдің жағдайын, ахуалын үнемі бақылауда ұстап отыруға мүмкіндік береді.

Пациенттерге қолдау көрсету үшін «Остеопороз орталығы» да ұйымдастырылған. Онда сүйек аурулары бар адамдарды тексеру және емдеу іс-шаралары  жүргізіледі. Көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыру үшін әлеуметтік желілерде қашықтан, онлайн-консультация жұмысы енгізілген. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен остеопороз орталығына сүйек тінінің тығыздығын және сыну ықтималдығын анықтайтын рентген-денситометр сынды бірегей аппарат орнатылды. Осы орталық аясында еліміздің барлық өңіріндегі ревматологтар үшін қысқы және жазғы мектептер ашылды. Онда шетелдік мамандар шеберлік сабақтарын, түрлі тақырыпта дәрістер өткізіп, жалпы практика дәрігерлеріне ұсыныстар әзірлейді.

Ревматологиялық аурулармен ауыратындардың жалпы санының 70–80%-ы әйелдер, негізінен репродуктивті жастағы әйелдер екенін ескере отырып, орталық осы санаттағы жандарға білім беру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Орталық базасында «Артрит мектебі», «Жүкті және фертильді жастағы әйелдерге арналған мектеп» құрылған. Мұнда пациенттерге дәрі-дәрмекті дұрыс қабылдау, дұрыс тамақтану туралы дәрістер өтеді. Сондай-ақ, ревматикалық аурулар жөнінде толыққанды, жан-жақты ақпараттар беріледі.

Алматылық ревматолог-мамандар ревматикалық аурулардың күрделілігіне қарамастан, білім-біліктің, орталықтағы озық үлгідегі медициналық аппараттардың арқасында пациенттерге сапалы қызмет көрсетіп, олардың өмірін ұзартып, тіпті талай науқасты аурудың салдарынан болатын мүгедектіктен сақтап қалуда. 

Алматы қаласы Ревматология орталығының ақ халатты абзал жандары жаңа ғимаратқа көшкелі еңселері тіктеліп, жұмысқа одан әрі құлшына түскендерін жасырмайды.