Нұрлан Балтаев: Онкология тек хирургиялық жолмен емделетін ауру емес

Нұрлан Балтаев: Онкология тек хирургиялық жолмен емделетін ауру емес
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Шетелде қолданылатын жоғары технологиялық онкологиялық отаның бәрі Алматы онкологиялық орталығында да жасалады – онкохирург Нұрлан Балтаев

ӨКҚ брифингінде сөз алған Алматы онкологиялық орталығының хирургиялық қызметінің басшысы Нұрлан Балтаев Орталықта науқастарды емдеу үшін соңғы технологиялар қолданылып жатқанын, орталық мамандары жыл сайын шетелдік тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттыратынын атап өтті.

«Біздің кейбір отандастарымыз медициналық туризммен алыс-жақын шетелге барады. Дегенмен ол жақта көрсетілетін көмекті біздің елде де тегін алуға болады. Әлемде бар әдістің бәрін біз Орталықта қолданамыз. Біз ұзақ уақыт бойы барлық органға шағын инвазивті хирургиялық әдістерді қолданып келеміз. Біз қашанда шетелден келген әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз, олар біздің деңгейімізді, әсіресе лапароскопиялық хирургияны жоғары бағалайды. Бес жыл бұрын шағын инвазивті хирургия, яғни кесусіз жасалатын ота, бізде 10 пайыз болған. Қазір бізде жасалатын барлық отаның 50 пайыздан астамы шағын инвазивті әдіспен жасалады. Оның үстіне бұл отаның барлығына мемлекет кепілдік береді», – дейді маман.

Оның айтуынша, онкология тек хирургиялық жолмен емделетін ауру емес, онкологиялық ауруды емдеу қиын әрі қымбат.

Отадан басқа, науқасқа химиотерапия және сәулелік терапия қажет болуы мүмкін.

Мұның барлығы, әрине, шетелде қыруар қаржыны қажет етеді.

Оңтүстік Корея, Түркия не Германияда қолданылатын барлық заманауи технология біздің тұрғындарға тегін беріледі.

Тек 2023 жылдың өзінде Алматы онкологиялық орталығында 2681 хирургиялық араласу жасалған. Оталардың 55% шағын инвазивті әдісті қолдану арқылы жасалды.

Бүгінде онкологиялық орталықта химиотерапияның 50-ге жуық түрі, 40-тан астам мақсатты және гормондық препарат қолданылып, соның арқасында 18 790 науқас химиотерапиялық ем алған.

Қатерлі ісікке шалдыққан 1064 науқасқа 19 мыңға жуық сәулелік терапия сеансы жасалды.

10 мыңға жуық адам амбулаторлық химиотерапия кабинетінде ем алды.

Сөз соңында сарапшы скринингтік тексеруден өтудің маңыздылығына тоқталды.

«Емдеуді іздеген кейбір адам баламалы медицинаға жүгіне бастайды, сол арқылы аурудың асқыну процесін өткізіп алады. Біздің елімізде арнайы тегін скринингтік бағдарламалар бар. Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау үшін профилактикалық тексеруден өту керек. Ауруды ерте анықтаған жағдайда ғана 90 пайыз емделуге кепілдік беріледі. Дәрігерлер шақырса, арнайы тексеруді өткізіп алмаңыз. Тағы да қайталап айтамын, қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, емдеудің нәтижесі соғұрлым жақсы болады», - деп түйіндеді сөзін Н.Балтаев.

Есіңізге сала кетейік, Алматы онкологиялық орталығында дәрігерлердің білімі мен біліктілігін арттыру, онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа технологияларын енгізу жұмыстарына ерекше назар аударылады және оның барлығы еуропалық стандарттарға сәйкес келеді.