Меңге де мән берейік

Меңге де мән берейік
Сурет: ашық дереккөз

немесе қатерлі ісіктің сыртқы белгілері қандай болады?

Қатерлі ісік қазіргі заманның ең ауыр ауруларының бірі және оның белгілерін ерте сатысында анықтап, уақытылы ем-дом қабылдау маңызды рөл атқарады.

Мамандар сөзіне сүйенсек, медициналық тексерулер мен талдаулар қатерлі ісік ауруын анықтаудың негізгі әдісі болғанымен, сыртқы түрдегі кейбір өзгерістер де оның даму ықтималдығын көрсетуі мүмкін. Сондықтан, мәселен, терідегі кейбір өзгерістер қатерлі ісіктің бірінші белгісі болуы мүмкін.

 «Теріде жаңа меңнің пайда болуы, бұрыннан бар мең мөлшерінің не пішінінің өзгеруі, ассиметрия, жиегі не түсінің өзгеруі тері қатерлі ісігінің дамуының көрсеткіші болуы мүмкін. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы жазылмайтын кез келген жара мен ойық жараға назар аударыңыз. Әсіресе, одан қан кетсе не қоңыр түсті болса. Сүт безінің пішіні немесе көлемінің өзгеруі сүт безі қатерлі ісігінің көрсеткіші болуы мүмкін. Түзілімді анықтау, емізік пішінінің өзгеруі, оның тартылуы не бөліністің шығуы қауіпті белгі болуы ықтимал», – дейді Алматы онкологиялық орталығының онколог-дәрігері Наиля Ақжолова.

Нақты себепсіз, кенеттен салмақ жоғалту, сондай-ақ басқа себеппен түсіндіруге болмайтын ұзақ шаршау немесе әлсіздік қатерлі ісіктің даму ықтималдығының сигналы болуы мүмкін. Зәрдегі, қандағы немесе нәжістегі өзгерістер де мән беретін жағдай. Мәселен, зәрдегі немесе нәжістегі қан не зәрдің иісі не түсінің ерекше өзгерісі байыпты түрде қабылданып, дәрігермен талқылануы керек.

«Әрине, қатерлі ісіктің даму ықтималдығын көрсететін сыртқы белгілер туралы ойлаған кезде, олар медициналық тексерулермен және сынақтармен бірге ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектесетінін есте ұстаған жөн. Бұл сәтті емдеу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Өзін-өзі күту, үнемі медициналық тексеруден өту және дәрігерге уақытылы көріну денсаулықты сақтаудың және қатерлі ісікпен күресудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады», – дейді Наиля Бұрхандинқызы.