Метрополитен жәдігерлері Алматы музейінде көрмеге қойылды

Метрополитен жәдігерлері Алматы музейінде көрмеге қойылды
almaty-akshamy.kz

Осыдан он екі жыл бұрын, яғни 2011 жылы 1 желтоқсанда Алматы метрополитені іске қосылған болатын. Осы айтулы датаға орай Алматы музейі өз шаңырағында «Алматы метросы – ел мақтанышы» атты көрме ашты. Иә, метрополитеніміз осылай әспеттеуге әбден тұрарлық.

Мегаполистегі метрополитен жүйесі – Қазақстандағы алғашқы, Орта Азиядағы екінші (Ташкенттен кейінгі) ашылған алып құрылыс. Еліміз үшін стратегиялық маңызды нысан. Оның ашылуын қала тұрғындарының өте ұзақ күткені рас. Құрылысы 1988 жылы басталған болатын. Сөйтіп, жанкешті еңбек ақталып, заманауи жерасты көлігіне қол жеткіздік.

Бастапқы метрожелісі жеті станциядан тұрды: «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов театры» және «Алатау». Жалпы ұзындығы 8,5 км болған. 2015 жылы «Сайран», «Мәскеу» станциялары ашылғаннан кейін  метрополитен тағы 2,74 шақырымға ұзарды. Бүгінде Алматы метрополитені қоғамдық көліктердің ең заманауи түріне айналды. Басқа көліктерге қарағанда жылдам жүреді, діттеген жеріңізге тез жетесіз, яғни алтын уақытыңызды үнемдейсіз.

Метро бекеттерінің ерекше сәулет өнерімен көмкерілген платформалары да алматылықтарды және Алматы меймандарын еріксіз баурап алары сөзсіз. Дәлірек суреттер болсақ, платформалардың қабырғалары мен едені ежелгі таңбалы жазуларда, қолданбалы өнерде және сәулет ескерткіштерінде, қазақ халқының қазіргі заманғы өнерінде кездесетін ою-өрнектермен, басқа да ұлттық реңктегі элементтермен айшықталған. Метростанциялар кең де жарық, мұнтаздай таза. Жолаушылардың қауіпсіздігіне де барлық жағдай жасалған.

Кешегі ашылған көрмеге Алматы музейі қорындағы метро тарихына қатысты құжаттар, фотосуреттер, кітаптар, марапаттар және Алматы метрополитенінің айғақты заттай материалдары, метро сызбалары, схемалары қойылған.

Көрменің ашылуына метро ардагері О.Смағұлов, метроны электрмен қамтамасыз ету қызметінің аға энергодиспетчері Ғ.Байқұлов, жолдар және тоннельдік ғимараттар қызметінің бас инженері Е.Мамырбеков қатысып, метро тарихына қызығушылық білдірген қала тұрғындары мен қонақтарына қызықты естеліктер айтып берді.