Мемлекет басшысының қатысуымен Бүкілармиялық кеңестің отырысы басталды

Мемлекет басшысының қатысуымен Бүкілармиялық кеңестің отырысы басталды
Сурет: Akorda.kz

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Бүкілармиялық кеңестің отырысы басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

«Қарулы Күштеріміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші – тыныш, қоғам – тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс. Қазақстан барлық елдермен достық қатынас орнатқан. Біздің ұстаным – айқын»,-деді Мемлекет басшысы.

7 мамыр - ҚР Қарулы Күштерінің құрылған күні қарсаңында өтетін жиын барысында әскери саланы дамытуға және әскер дайындығына, Қазақстан армиясын технологиялық тұрғыда жаңғыртуға қатысты мәселелер қарастырылады.

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтің сөзінше, биыл Қазақстанның әскери бюджеті өскен.

«Қорғаныс министрлігінің әскери бюджеті қарастырылып, Қазақстанның ЖІӨ-дегі әскери бюджеті бір пайыз шамасында бекітілді», - дейді министрдің орынбасары.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындары педагогтерінің жалақысы өсетіні белгілі болған еді.

Нақтырақ айтсақ, әскери педагогтердің лауазымды айлық мөлшері:

- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,32 мөлшерінде;

- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,74 мөлшерінде;

- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 3,2 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

Келешекте әскери командирдің оң қорытындысын алған мерзімді әскердегі жауынгерлерге тегін жоғары әскери білім ұсынылуы мүмкін. Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасын елдегі 70 жоғары оқу орны қолдап отыр.