Мемлекет басшысы насыбай өндіретіндерге тосқауыл қоюды тапсырды

Мемлекет басшысы насыбай өндіретіндерге тосқауыл қоюды тапсырды
Сурет: www.gov.kz

Заңдарға енгізілетін түзетулер аясында вейп және насыбай таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Осы қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған проблемаға қатысты құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатпағанын сынға алды.

«Қазір – 21 ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара?! Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы, насыбай өндіріп, таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Онда вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ақпарат құралдары арқылы жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілуі тиіс. Бұл - ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кері әсерін тигізетін әдет. Өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз керек», - деді Президент.