Мектеп директорларын ротациялағанда басқа қызметкерлердің де бірге ауысуына тосқауыл қою керек - министр

Мектеп директорларын ротациялағанда басқа қызметкерлердің де бірге ауысуына тосқауыл қою керек - министр
Сурет: Zakon.kz

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов директормен қоса мектептің басқа қызметкерлерінің де ауысуына тосқауыл қою керек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ротация өткізген кезде, директормен қоса орынбасарларының, есепшісінің, басқа қызметкерлердің бірге ауысуына тосқауыл қою керек. Бұл жайында айттық. Бақылау департаменттері тиісті қадағалауға алсын. Бұл ротацияны бәрін бір мектептен екінші мектепке көшіп баруы үшін істеп жатқан жоқпыз. Осы мәселеге бақылау жүргізу керек. Жалпы, барлық жұмыс заң аясында іске асуы тиіс. Кейбір өңірде «мына мектепке барғым келеді, мынаған барғым келмейді» дейтіндерді естіп жатырмын. Мұны тоқтату керек. Егер «ротацияны түсінбейміз, қабылдамаймыз» десе, ондай кісілермен еңбекшартын тіпті тоқтату қажет», - деді министр ведомствоның аппарат жиналысында.

Асхат Аймағамбетов ротация өте маңызды тетік екендігін баса айтты.

«Бірақ, екі мәселеге назар аудару қажет. Біріншіден, ротация жүргізген кезде орынбасарларын, есепшілерін өзімен бірге алып жүрмеу, екіншіден, объективті көзқараспен, заңнамаға сай ауыстыру қажет. Бұл жерде әртүрлі тәуекелдерге жол берілмеуі тиіс. Заң бұзушылықтар болса, дер кезінде шешім қабылдауымыз керек», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы жылдың 1 тамызына дейін 317 балабақша меңгерушісі мен 383 мектеп директоры ауысады.