Майнинг пен криптобиржаларға қатысты заң жобасы мақұлданды

Майнинг пен криптобиржаларға қатысты заң жобасы мақұлданды
Сурет: Мobilaser.kz

Олар Қазақстанда ресми түрде тіркелуге міндетті болады.

Майнинг пен криптобиржаларға қатысты заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, майнерлерге лицензия беру тәртібі енгізіледі.

«Бұл дегеніміз, майнерлер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық салынатын субъектіге айналады. Майнинг-пулдар да экономиканың бір бөлігі болады», - деді Смышляева.

Лицензияны Цифрлық даму министрлігі береді деген жоспар бар. Ал криптобиржалар Халықаралық қаржы орталығында орналасады. Бірақ Қазақстанда криптовалютамен төлем жасауға тыйым салынған. Криптобиржалар қаржы орталығының аясында ғана жұмыс істейді. Ал майнерлер табыстың 75 пайызын отандық криптобиржаларда айырбастауға міндеттеледі. Бұл талап 2024 жылдан бастап енгізіледі.

Қолданыстағы салықтан бөлек майнерлердің сыйақысына қосарланған құн салығы, майнинг пулдың табыс салығы, сондай-ақ криптобиржадағы операциялар үшін төлем алынады.