Көрермен  немесе концерт пен театр әдебі туралы бірер сөз

Көрермен  немесе концерт пен театр әдебі туралы бірер сөз
almaty-akshamy.kz

Не байқадыңыз?

Алматының Республика сарайында үлкен әншінің концертінде отырмыз. Зал лық толы. Жас та, кәрі де осында. Тіпті, көрермендер арасында аузында емізігі бар сәби де, аяғын апыл-тапыл енді басып жүрген балдырған да бар.

Осы күнгі бала, жалпы бала атаулы бір орнында отыратын ба еді, оның үстіне кішкентай бүлдіршін концертіңізді қайдан ұқсын?! Әнші жанын жеп ән айтып жатса, әлгіндей балақайлардың бірі «шөлдедім, апа, су» деді. Екіншісі екі көзін уқалай мыжғылап, ұйқысы келіп, анасына көнбей басын шалқайтып, мазасызданып кетті. Сосын амал жоқ, «жылап, айналаның мазасын алмасын» дегендей, алдына алып секіртіп ойната бастады баланы. Бәлкім, үйдегі жайлы төсегін, бесігін сағынған болар, бәрібір тыншымады балдырған. Сонадайдан бір әйел орнынан ұшып тұрып, тыпырлап кетті. Не болып қалды екен деп, біз де елеңдеп қалдық. Сөйтсе, концертке ертіп әкелген оқушы баласының сау етіп мұрны қанап кетіпті. Оған жанында отырған бір еркек беторамалын ала жүгіріп, бәйек болды да қалды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, бір концерттен куә болған оқиғаларымыз осы.

Өткенде театрға бардық. Сахнада қойылым жүріп жатқанда бір еркек телефонмен үйіндегі әлдекімге жоғалтқан затының тұруы мүмкін жерін айтып, түсіндіріп жатыр. Оны айтамыз-ау, телефонмен тоңазытқыштағы етін шығартып қойып жатқан әйел де жанымызда отырды. Ұялы телефонын шұқылап отыратындар туралы айтпай-ақ қояйық. Олар көп. «Шаншар», «Алдараспан», «Әзіл әлемінде» де осындай көріністер. Күйіс қайырған сиырдай сағыз шайнап отыратынымыз да бар. Сосын  біздің концерт аяқталар-аяқталмастан дүркірей киім ілгішке қарай жүгіретін, кезекте тұрғандарды итеріп, басып-жаншып киім алатынымыз да жасырын емес. Сонда біз әлі де концертке, театрға бару мәдениетін білмейміз-ау.

Рас, шетелдің  концертіне барып көрмедік. Бірақ теледидардан байқасаңыз, кешкілік концерттерде бантик таққан бір бүлдіршінді немесе үрпек бас бір балақайды байқамайсыз, залда сән-салтанаты келіскен кілең парасатты үлкен көрермендер, мәдениетті тыңдармандар отырады. Олар бала-шағасын балаларға арналған қойылымдарға, концерттерге, қуыршақ театрына немесе циркке апарады. Ал біздегі көрініс жоғарыдағыдай.

Тәрбиені бесіктен бастау керек дейміз ғой. Негізі, тәрбиені сол бесікті тербеткен анадан бастау керек-ау, әсілі!

Негізі, опера, балет, театр, кино, концерттерге барудың да этикеті бар. Мәселен, дәл концерт болатын күні ауырып тұрсаңыз, бармағаныңыз дұрыс. Жөтеліңізбен немесе басқа да жайсыз жағдайлармен жаныңызда отырған көрерменнің ойын, көңілін бөлесіз.

Театр немесе концертке классикалық стильдегі киіммен келу керек. Спорттық киіммен келу әбестік, әрине. Тіпті, көшеге, дүкенге ұстайтын сөмкеңізбен бармаған жөн. Әтірді құйып сеуіп алу да дұрыс емес.

Көрермен залына тіске басар тәттілер, сусындар және басқа да тағамдармен кіруге болмайды. Ұялы телефоныңызды өшіріп немесе дыбыссыз режимге қойыңыз. Концерт не спектакль кезінде түскен қоңыраулар өзіңізді немесе көрермендерді ғана емес, әнші, актерлерді де алаңдатады. Орынға әуелі ер адам отырады, соңын ала әйел адам жайғасады. Сізден әрірек орынға отыратын адам сіздің алдыңыздан өтерде сыртын бермей, бетін қарата өтуге тиіс.

Залдан танысыңызды көріп қалсаңыз, сонадайдан айқайлап амандасудың керегі жоқ, жәй ғана басыңызды изеп, ишарат жасаңыз.

Былай қарағанда, бұл этикеттерге ешқандай да білім, ақыл қажет емес те секілді. Салтанатты залдың өзі адамды мәдениетке үндеп тұратындай мысы бар. Соған икемделсек жетіп жатыр.

Театрда, әлде концертте жүздескенше!