Қонақтан 400 еуро алған таксист айыппұл арқалады

Қонақтан 400 еуро алған таксист айыппұл арқалады
Сурет: Gov.kz

Ер адам өзінің кінәсін мойындады.

Ол ресейлік жолаушыны Алматы әуежайынан Марков көшесіне апарып тастағаны үшін 400 еуро алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Осы жылдың 3 мамырында сағат 17.00-де Алматы қаласының әуежайындағы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне Ресей Федерациясының 30 жастағы азаматы арызданып, Алматы қаласы әуежайының такси жүргізушісіне қатысты шара қабылдауды сұраған.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында арыз берушіні діттеген жеріне жеткізіп тастаған "Мерседес-Бенц" автокөлігі мен оның иесі анықталды.

Жауап алу кезінде ер адам өзінің кінәсін мойындап, ресейлік азаматқа ақшалай қаражатты толық көлемде қайтарып берді.

Осы факт бойынша құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен ер-азаматқа 21 150 теңге көлемінде айыппұл салынды.