Көлікке келген шығынды жол жөндеуші мекеме өтейді

Көлікке келген шығынды жол жөндеуші мекеме өтейді
Сурет: depositphotos.com

Қарағанды ​​тұрғыны бекітілмеген құдық қақпағын басып өтіп, көлігін зақымдап, шығынды коммуналдық кәсіпорындардан сот арқылы өндіріп алды, - деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.  

Оқиға өткен жылдың мамыр айында өрбіген болатын. Майқұдық көшесімен «Ауди А6» көлігін жүргізіп келе жатып, кенеттен люк қақпағы аударылып, соққыдан дөңгелегі ұшып, тағы да біраз жерін зақымдаған.

Көлік иесі оқиға орнына жол-патрульдік полиция қызметкерлерін шақырып, жол-көлік оқиғасына қатысты хаттама жасатып, жазып алған. Артынша ол келтірілген шығынды есептетеді. Сонымен, амортизацияны есепке алғанда шығын 620 мың теңгені құраған.

Қажетті құжаттарды жинап, көлік иесі №2  Қазыбек би аудандық сотына талап арызбен жүгінген.Арызданушы Қарағанды ​​қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін, сондай-ақ «Қазақдорстрой» ЖШС мен «КВИНТЕКстрой» ЖШС-нен 620 мың теңге өндіруді талап еткен.  Зардап шегушінің пікірінше жол жөндеуші жауапкершілігі шектеулі серіктестік жол жөндеу жұмыстарын дұрыс орындамай, адам өміріне қауіп төндіріп, шығынға батырған.

Сот іс материалдарын зерделеп, тараптардың түсініктемелерін тыңдап, Қарағанды ​​тұрғынының талаптарын ішінара қанағаттандырды.

"Азаматтық кодекстің 917-бабының талаптарына сәйкес, заңсыз әрекеттен немесе әрекетсіздіктен келтірілген мүліктік немесе мүліктік емес залалды залал келтірген тұлға толық көлемде өтеуге жатады. Сот талапкерге келтірілген залалдың орнын «KVINTECconstruction» ЖШС толтыруға тиіс деген қорытындыға келді. «Автомобиль жолдары туралы» Заңның 3-бабының 19- 3 тармағына сәйкес жол жұмысшылары мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі қозғалысты ұйымдастыру және жұмыс алаңдарын қоршау бойынша шаралар қабылдау арқылы қамтамасыз етілуге ​​тиіс. Жол жөндеуге жауапты мекеме жоспарлы жөндеу жүргізетін жолды тиісті қоршаумен қоршамаған», - деп түсіндірді Қарағанды ​​қаласы Қазыбек би аудандық №2 сотының баспасөз қызметі.