Тыншымайтын Алматы, Сексеуіл сеп бола ма? «Молданың айтқанын істе...»

Тыншымайтын Алматы, Сексеуіл сеп бола ма? «Молданың айтқанын істе...»
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарияланған жаңалықтарға шолу – күн керуені

Күнара жер қозғалатын болды

Алматыда 2 балл көлемінде жер сілкінісі сезілді. Сейсмологиялық зерттеу институтына қарасты сейсмикалық стансалар желісі 6 наурыз күні Алматы уақытымен 05:09 кезінде жер сілкінісін тіркеді. Зілзала ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 266 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан.

Кәсіпкер мүфтиге құлақ аса ма?

Дегенмен еліміздің Бас мүфтиі жылдағы әдетінше кәсіпкерлерге үндеу жасады.

«Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Сонымен қатар барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамын» деді ҚМДБ Төрағасы. 


Қазақстандықтар тұңғыш рет дүниежүзілік додаға шықпақ

Мотоцикл мінген жігіттердің айтулы жарысы сәуір айында Франция мен Бельгия және Жапония трассаларында өтеді. Қазақстандық клуб сапында жергілікті спортшылардан бөлек Чехия азаматтары да бар.

«Қазақстанда мотоспорт енді ғана қанатын кеңге жайып келеді. Қазір елдің Оңтүстік және Батыс аймақтарында мотоспортқа қызығушылар көп. Чехиядан тәжірибелі мамандарды шақырту арқылы қазақ жастарын тәрбиелесек деген мақсатымыз бар. Мотоспорты дамыған Италия, Испания, Франция секілді елдермен бәске түсу қиын. Дегенмен үздік үштіктен көріну үшін команда аянып қалмайды», - деді команда жетекшісі Нұрғазы Сәтбаев.

 

Барғандар қайтпады

ҚР ТЖМ мәліметі бойынша, жыл басынан бері еліміздің су айдындарында мұздың опырылуы салдарынан 2 адам суға батып кетті, 18 адам құтқарылды, оның ішінде 3 бала бар. Көктемгі, яғни мұздағы қауіпті кезеңнің әлі алда екенін ескеру қажет. Осы кезеңде су айдындарында әлі де қанша адамның өмірі қиылатынын елестету қиын.

 

500 әлеуметтік төлем

2024 жылғы қаңтарда Отбасының цифрлық картасының көмегімен 499 азамат SMS-ке келісім беру арқылы  Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алу құқығын пайдаланды. Оның ішінде 493 адам жұмысынан айырылуы және бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша 6 адам төлем алды.

 

5100 сексеуіл

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және жергілікті атқарушы органдарының қолдауымен Арал теңізінің құрғаған табанына 5100 сексеуіл көшеті отырғызылды.

Волонтерлер Алматы, Талғар, Астана, Ташкент қалаларынан жиналды. Араларында тіпті АҚШ-тың екі азаматы болды. Сонымен қатар Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған елдімекендерінің белсенді азаматтары да волонтерлер қатарынан көрінді.

 

Кредит түсіңе де кірмейді

Тұрғындардың қаржы ұйымдарының алдындағы берешегі 19 трлн теңгеге жетті.

«Проблемалық қарыздары бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі. Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады»,- деді депутат Үнзила Шапақ.

 

Алматыда құбыр жарылды

Төлебаев пен Әйтеке би көшелерінің қиылысында жылу құбырының жарылғанының кесірінен ыстық су мен жылу беру уақытша тоқтатылды.

«Алматы жылу желілері» ЖШС апаттық бригадасы апатты дереу жоюға кірісті.