Қызылшадан 2 бала көз жұмды

Қызылшадан 2 бала көз жұмды

15 баланың жағдайы ауыр.

Бас санитар Есмағамбетова қызылша ахуалы жайлы осылай мәлімдеді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

ҚР денсаулық сақтау вице-министр-Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Сенаттың жалпы отырысының кулуарында елдегі қызылша ауруының ахуалы жайлы айтты.

«Қызылшаға қатысты көп ата-ана баласына вакцина салғанша, ауырып шықсын деп ойлайды. Қызылшаның өзінен емес, оның асқынуынан қорқу керек. Себебі қызылшамен ауырған балада 5-7 жылдан кейін панэнцефалит пайда болуы мүмкін. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда ми жойылып кетеді. Қызылша 5 жасқа дейінгі балаларға өте қауіпті. Қызылшамен ауырып шыққан бала кем дегенде 2 жыл ішінде инфекция ауруларын жұқтыруға бейім болады. Екі өлім дерегі тіркелді», - деді ол.

Есмағамбетова атағандай, олар Астана мен ШҚО-да тіркелген.

«Олар - бір жасқа толмаған сәбилер. Яғни вакцинация жасына жетпеді. Бір бала шала туған өз потологиясы болған, оның үстіне қызылша қосылған. Вакцинациямен қамту кезінде біз 95 пайыз қамтылды десек, соның 5 пайызында осындай санат болуы мүмкін. Ұжымдық иммунитет вакцинацияға жатпайтын балаларды сақтау үшін керек», - деді Есмағамбетова.

Вице-министр 15 баланың жағдайы ауыр екенін айтты.

«Олардың барлығы өңірлерде. Денсаулық сақтау министрлігі әрбіреуінің жағдайын бақылауда ұстап отыр», - деді Есмағамбетова.